Вторник, 12 Март 2019 13:28

Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсындағы мәліметтердің жаңармай тұрғанына кінәлі кім?

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының тоғызыншы бабына сәйкес, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беріп, ал облыс орталығын Түркістан қаласына көшіріп, өңірді Түркістан облысы деп атау туралы Жарлыққа қол қойғанына да 9 ай толғалы жатыр. 9 айдың ішінде Түркістан облысының өмірінде бірқатар оң өзгерістерге талпыныс жасалып, киелі шаһарды түлету үшін талай-талай тірліктердің іргетасы қалануда. Тіпті 9 айдың ішінде өңірге екі әкім тағайындалып үлгерді. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы! 

Интернет-ресурстың аты да, заты да өзгеруді қаламай тұрған сияқты. Мақұл, «ontustik.gov.kz» деген атауды сөкет көрмей-ақ қояйықшы, ішіндегісі ше? Мәселен, сайттың басты бетіндегі қала-аудандар туралы мәліметтерге көз жүгіртіп көріңізші. Білуімізше, Түркістан облысы құрамында бүгінгі таңда 3 қала, 13 аудан бар. Ал сайтта 14-і тұр. Елбасы былтыр 5 маусымда Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу туралы қаулыға қол қойғанымен, жаңадан пайда болған Жетісай мен Келес аудандарын сайтты ары ақтарып, бері ақтарып, таппадық. Құдды бір мұндай аудандар құрылмағандай. Әйтпесе аталмыш екі ауданның да ресми сайттары бар (Келес ауданы: http://kelesakimat.gov.kz. Жетісай ауданы: https://zhetysai.gov.kz). Екі ауданның әкімдері былтыр шілденің 18-інде тағайындалғаны да – есімізде. Сонда осы мәліметтерді облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсына енгізу сонша қиын болғаны ма? Оған кей қала-аудандардың ресми сайттарының сілтемелері ашылмайтынын қосыңыз. 

Енді сол басты беттегі қала-аудандар жайлы мәліметке назар салып көріңізші. Онда 3 дерек көрініс тапқан: қала-ауданның атауы, халқының саны және әкімінің аты-жөні. Өкінішке қарай, анаған қарап отырып «қарныңыз ашады». Біріншіден, әкімдердің аты-жөнін жазуда бірізділік жоқ. Екіншіден, кей қала-аудандарда бұрынғы әкімдердің аты-жөні сол күйі тұр. Мысалы, Кентау қаласына Ғани Рысбековтің әкім боп тағайындалғанына 2 ай болды, әйтсе де шаһар басшысы ретінде Мақұлбаев Әбдібақыт Тіллабайұлы көрсетілген. Халқының саны да бәз-баяғы: 96473 адам. Облыс орталығының Түркістан қаласына көшуі Кентауға да көптеген оң өзгерістер алып келгені, Кентау қаласының шекаралары өзгеріп, бұрын Түркістанға қарасты 12 ауылдық округ Кентаудың қарамағына өткені, халқының саны 200000-ға жетіп, 721 мың гектар жер көлемі қосылғаны мүлдем байқалмайды. 

Түркістан қаласы халқының саны да бұрынғысымен тұр: 262087 адам. Жалпы, осы ретте Түркістан қаласының сілтемесін Арыс пен Кентаудан кейін емес, облыс орталығы ретінде көш басына қою керектігін ескерген жөн.

Ал Мақтааралыңыз сол бөлінбеген қалпында: «Халқы – 304442 адам. Аудан әкімі – Бейсенбаев Жамантай Қанайұлы».

Ордабасы ауданы туралы мәлімет те өзгермепті. «Аудан әкімі – Рашид Үсіпханұлы Қайыпжанов» деп тұр. Ал Р.Қайыпжановты былтыр шілдеде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы пара алып жатқан жерінде ұстағаны жалпақ жұртқа жария болған-ды. Сонда облыс әкімдігінің ресми сайтына жауаптылар бұдан да бейхабар ма?

Президент Н.Назарбаев Сарыағаш ауданын екіге бөліп, Келес және Сарыағаш аудандарын құру туралы қаулыға қол қойғанымен, облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсы бұрынғы Сарыағаш ауданын бүтін етіп сақтап отыр. «Халқы – 326426 адам. Аудан әкімі – Қайрат Аманкелдіұлы Әбдуәлиев». Жоғарыда айтып өткеніміздей, Келес ауданы, оның халқының саны, аудан әкімі жайлы дерек жоқ. 

Айтпақшы, Сарыағаш демекші, бұл аудан әкімдігінің ресми сайтынан Әбдуәлиев Қайрат Аманкелдіұлының «Сарыағаш аудан аппаратының әкімі» екенін білдік.

P.S. Сонымен, Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсын заман талабына сай жаңартып, уақыт көшінен қалдырмай отыруға кім жауапты? Облыс әкімінің баспасөз қызметі ме? Әлде облыстың ішкі саясат басқармасы ма? Бәлкім, облыс әкімінің аппараты? Мүмкін, облыс әкімінің идеологияға жауапты орынбасары? Кім?

Егер баспасөз қызметі жауапты болса, онда Бейсенбай Тәжібаев ішкі саясат басқармасына басшы болып былтыр тамыздың басында тағайындалғалы бері ол қызметке әлі күнге дейін басшы құтаймай тұр. Әйткенмен облыстың орталығы Түркістанға ауысып, өңірдің атауы өзгерген кезде, Мақтаарал мен Сарыағаш аудандары бөлінген кезде, Ордабасы ауданының әкімі парамен ұсталған кезде Бейсенбай Тәжібаев баспасөз хатшысы еді ғой... Егер облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсына сол жауапты болса, оған кім бөгет жасады? Әлде өзінің құлқы болмады ма екен? Сірә, әл-әзірге баспасөз қызметіне бас-көз болу ішкі саясат басқармасына жүктелсе керек. 

Егер ішкі саясат басқармасы жауапты болса, Бейсенбай Тәжібаевтың қолын байлап отырған не, кім? Облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсы белгілі бір деңгейде облыс әкімдігін қоғаммен байланыстыратын, өңірдің түкпір-түкпірінің тыныс-тіршілігінен хабар беретін құрал екенін ескерсек, ол идеологиялық, бұқаралық сипатқа ие. Сонда қазіргідей ақпарат ғасырында, жердің бетін ғаламтор жайлаған заманда Түркістан облысының тұрғындары мен былайғы жұрт Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсына кіріп, толыққанды мәлімет алып отыр ма? Әлгіндей шындыққа сай келмейтін мәліметтер үшін Елбасы таудай үміт артып отырған облыстың имиджіне нұқсан келсе, кім жауап береді?

Соңғы 2 жылдан астам уақыттан бері облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарып келе жатқан Әуелхан Тұрғымбеков пе? Әлде облыс әкімінің идеология саласына жауапты орынбасары боп тағайындалғанына 4 айға жуықтаған Мәлік Отарбаев па? Мүмкін, мың сан шаруасын жиыстырып қойып, әкімдіктің ресми интернет-ресурсын жаңартуға, жаңғыртуға облыстың әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі кірісуі керек шығар. 

Егер «театрдың киімілгіштен басталатыны» рас болса, біз тілге тиек еткен мәселеге жауаптылардың едел-жедел назар аударып, оң нәтиже шығарғанын қалар едік.

P.P.S. Интернетті әрлі-берлі шарлап көрдік. «Turkistan.gov.kz» деген атаумен Түркістан облысы әкімдігінің тағы бір ресми интернет-ресурсын тауып алдық. Мұнда 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ақпараттар жүктеле бастапты. Соңғы жаңалықтар биылғы 20 ақпанмен аялдап тұр екен. Өкінішке қарай, айдарлар мен сілтемелер толық жетілдірілмегені байқалады. «Оntustik.gov.kz» сайтындағыдай мұнда да Түркістан облысы құрамындағы қала-аудандардың 14-і ғана тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Келес пен Жетісай аудандары тағы да енбеген. Ал қала-аудандардың ресми сайттарына өтейін десек, Бәйдібек ауданынан басқасының барлығында Қазығұрт ауданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсының сілтемесі мен «Әкім – Телгараев Толеген Туртайулы, әкімшілік орталығы – Казыгурт, халық – 107496 адам» деген мәлімет шығып тұрады. Ал Арыс қала еді, ауданға айналыпты...

Әзірге сайтты ашқан бетте-ақ көзге ұрып тұрғандарын ғана сөзімізге арқау еттік. Егер Сұлтанмахмұт Торайғыровшалап "Кесені қолыма алып қарай бердім:«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?» деп, сайттың ұңғыл-шұңғылына үңіле берсеңіз, біраз жайсыз әңгімеге арқау болатын дүниелер табылып қалады-ау...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Read 2222 times