Пятница, 05 Июль 2019 12:00

Түркістан қаласының бас жоспары да нақтылану үстінде

Түркістан қаласының іргесіндегі жаңа шағынауданда көпқабатты үйлердің құрылысы қарқын алған. Құрылысы аяқталуға жақын 48 пәтерлі үйдің қасбеті қапталып бітсе, пайдалануға тапсырылады

Бұдан бөлек бұл құрылыс алаңында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі жерде көпқабатты үйлерде бой көтеріп келеді. Мәселен, 60 пәтерлі үйдің құны 534 млн. теңгені құрайды. Баспана мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне үлестірілмек.

«Бұл жерлер Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігінде. Біз мемлекеттік сараптама жасағанбыз және жұмыс жобасын да әзірледік. Инвестор келгенде жер дайын, инженерлік желілер де тартылған. Су, кәріз, газ жүйесінің барлығы алдын ала қарастырылған. Мақсатымызқазан айына дейін «Сырдария» мен «Арман» тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау» дейді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі Қанат Шатманов.

Тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға 1 ай қалғанда корпорация үйді құрылыс басқармасымен бірлесе тапсыруға дайындайды. Айта кететін жайт, құрылыстың барысы –  техникалық қадағалу мекемесінің бақылауында. Жергілікті билік үйді сатып алған бойда баспана салған инвесторға жұмсалған қаражатын қайтарады.

«Бүгінде Тұркістан қаласында баспана кезегінде 8 мыңнан астам адам кезекте тұр. Өздеріңіз байқағандай, облыс орталығында құрылыс қарқын алған. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы. Пәтерлердің кілтін кезектегі азаматтарға табыстау шілде, қыркүйек айларына жоспарланған. Күзге дейін 1,5 мың пәтер үлестіріледі» дейді Түркістан қаласы әкімінің орынбасарыЖандос Байырханов.

Құрылысқа жергілікті мамандар тартылған. Түркістанға жақын орналасқан ауылдағы ағайындар өңірде жұмыс табылғанына риза.

Облыс орталығы болып, құрылысы қарқын алған соң Түркістанның бас жоспары да нақтыланып жатыр. Басты құжатқа сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығында тұрғын үй кешендерінің құрылысы да қарастырылған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1096 times