Арыс қаласындағы дендросаябақтың жанында бұған дейін үйлер болмаған. Апатты оқиғадан кейін енді мұнда «Барыс» шағынауданы пайда болады. Оған жарылыстан ең қатты зардап шеккен «Көктем» шағынауданының тұрғындары мен баспана кезегіндегі жанұялар қоныстанады. Жоспар бойынша екі бөліктен тұратын 100 пәтердің әрқайсысында 3 бөлмеден болады.
Асқар Маминнің екінші аялдаған жері – Павлодар облысының жауапкершілігіне берілген сектор. Айта кетейік, жүктелген тапсырманы облыстардың арасында бірінші болып керекуліктер аяқтаған.
Ал Түркістан облысы өз жұмысын тапсыруға әзірге асығар емес. Олардың жауапкершілігінде 478 үй бар. Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, жөндеуді ғана қажет ететін кей үйлердің егелері дау туғызған екен. Іргетасынан бастап қайта қалауды талап еткен арыстықтардың ашуын басшылық әрең басқан.
Өз жұмысын тамызда емес, қыркүйектің соңында беруді көздеп отырған сектор иелерінің бірі – Нұр-Сұлтан қаласы. Екі ауысымда жұмыс істеп жатқан елорда құрылысшыларының айтуынша, солтүстік жұмысшыларының жалақы мәселесі оларда әлі туындамаған.
Айта кетейік, «Арысқа апта сайын келіп тұрамын» деген Асқар Мамин жарылыстан кейінгі қаланы бұл жолы Үкімет мүшелерімен аралап шықты. Олардың арасында Бердібек Сапарбаев, Қанат Бозымбаев, Асхат Аймағанбетовпен бірге Шымкент қаласының басшысы Ерлан Айтаханов та бар.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.