Четверг, 29 Август 2019 09:17

Түркістан облысы: Арыс қаласындағы №5 сектордағы құрылыс жұмыстары аяқталды

Қарағанды облысы мен Төлеби ауданына тапсырылған №5 сектордағы 11 қабатты үйдің 519 пәтеріне және 72 жеке тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп бітті. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шарада Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты жарылыстың салдарынан қираған үйлер мен жеке секторларды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, Төлеби ауданы әкімінің алғыс хаттарымен және Төлеби аудандық мәслихатының грамотасымен арнайы марапаттады. 

Шараға арнайы қатысқан Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек құрылыс сапасының дұрыс жүргізілуіне үлесін қосқан азаматтарға алғыс білдіре отырып, Арыс қаласы әкімінің және Арыс қаласы «Нұр Отан» партиясы филиалының арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.

Жиын соңында шараға қатысқан барлық қонақтарға Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС 1000 дана арнайы балмұздақтар тарту етті. №5 сектордағы жұмыстардың нәтижесінде қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан Қарағанды облысы әкімдігіне және Төлеби ауданы әкімдігіне, белсенді азаматтарға жергілікті тұрғындардың атынан шынайы алғыс айтылды.

Шара барысы Төлеби аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1643 times