Понедельник, 21 Октябрь 2019 13:14

Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы семинар-тимбилдинг ұйымдастырды

«Мегаполистегі ақпараттың рөлі». Осындай атаумен Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында семинар-тимбилдинг өтті. Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы ұйытқы болған шарада журналистерге қазақ блогосферасының үздігі Асхат Еркімбай мен ІТ-блогер Бектұр Тимур әлеуметтік желіні күнделікті өмірде дұрыс қолданудың бағыттарын көрсетіп, білгендерімен бөлісті. 

Қоғаммен кері байланыс орнатуға бағытталған шараға 70-ке жуық БАҚ өкілі мен блогерлер қатысты. Қаламгерлер ақпаратты жылдам әрі сауатты тарату, журналистік этиканы сақтау жайында танымын кеңейтті. Ғаламтор мен телеарна бәсекелес болып тұрған кезеңде мамандар мәліметті желіден бұрын жеткізу жолдарын түсіндірді.

«Барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жаңадан енгізілген өзгерістерді әлеуметтік желі арқылы насихаттап, жаңа жүйеге сәйкес жаңа технологияларды меңгеру үшін медиатренинг жолында жүрген блогерлерді шақырдық. Осы кісілер жақсы форматта ойын түрінде дәріс өтті» дейді Шымкент қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева.

Бейресми форматта өткен шараның, әсіресе, жас мамандар үшін маңызы жоғары. Олар телеарна мен сайт қаралымын арттыру мәселесіне ерекше ықылас танытты. Сондай-ақақпараттық ресми парақшаға жазылушы жинауды, әлеуметтік желідегі құқықтық сауаттылық жайында ақпар алды.

Ал «Timur academy» офлайн-онлайн оқыту орталығының басшысы Тимур Бектұр: «Біздің мақсатымыз ақпаратты дәл, жедел жеткізуді үйрету. Әлеуметтік желі құралдарын қолдану керек. Және оның тиімділігі жайлы айттық. Қазір халықтың 70 пайызына интернет қолжетімді.56 пайызы әлеуметтік желіде белсенді» - дейді.

Мамандар пайдалы ақпаратты ойын түрінде жеткізді. Тиімді тәсіл арқылы қаламгерлер мәліметті қарапайым тілде жеткізуді ұғынды. Шара соңы спорттық ойындарға жалғасты. Алкеш бойы белсенділік танытқандар құрмет тұғырынан көрінді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 793 times