Среда, 23 Октябрь 2019 14:55

Шымкенттегі мемлекеттік мекемелер «Open Space» форматына өтіп жатыр

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, «Open Space» форматына көшіру және басшылар кабинеттерін әкімшілік ғимараттардың бірінші қабаттарына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуді бастады. 

Бұл бастаманы қазіргі уақытта білім беру және денсаулық сақтау мекемелері белсенді қолдауда. Мәселен, Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №5 жалпы орта мектебінің әкімшілігі ғимараттың бірінші қабатында «Open Space» форматында жабдықталған кабинеттерде орналасқан. Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-гимназиясының басшылығы да мектептің 1-қабатында ашық кабинетте азаматтарды қабылдауда. Сол іспетті Шымкент қаласының №1 емханасы мекемеде ашықтықты қамтамасыз ете отырып, өзінің жұмысын «Open Space» форматында бастады.

«Open space» форматы демократиялықты, корпоративтікті сақтау, құжаттармен жұмыс істеуді жеңілдету, ең бастысы азаматтардың мәселелерін тез әрі жедел шешу сияқты артықшылықтарға ие. Сонымен қатар «Ашық кабинеттер» призмасы арқылы ашықтық қағидаттарын пайдалану сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың тиімді тетігі болып табылады.

Жалпы, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 7 денсаулық сақтау ұйымының басшылары әкімшілік ғимараттардың 1-қабатына көшірілсе, 68 білім беру мекемесінің директорлары ауданы кең кабинеттерін босатып, бірқатары мектеп ғимараттарының бірінші қабатына орналасып, кезең-кезеңімен «Open Space» форматын енгізуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 884 times