Среда, 23 Октябрь 2019 14:06

Шымкентке арнайы іс-сапармен келген вице-премьер Б.Сапарбаев алдымен №65 мектепке табан тіреді

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелерінен құралған жұмыс тобы Шымкентке келді. Топ құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт вице-министрі Үркен Бисақаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин бар. 

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – ҚР Президентінің Халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру. Үкімет мүшелері әуелі қаладағы №65 мектепке барып, мұғалімдермен кездесті. Жүздесу барысында Жолдауда айтылып өткен білім сапасын жақсарту жолында қабылданатын заңдар мен әлеуметтік ынталандыру бойынша жаңалықтар жөнінде пікір алмасты, ұстаздардың мәртебесі, білім саласының сапасы, материалдық-техникалық базалардың жаңаруы және басқа да өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды. Б.Сапарбаев мемлекет тарапынан әлеуметтік салаларға қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

– Біз білімді ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Елбасымыз және Мемлекет басшысы бұл мәселені ерекше назарда ұстауда. Мемлекет басшысының білім саласын дамытудағы басты мақсаттар мен міндеттерді белгілеп берді. Қазір білім саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалуда. Бүгінде мұғалімнің мәртебесі жөніндегі заң жобасы Парламентте қаралуда. Артық жүктемелерді азайту, ұстаздардың жауапкершілігін арттыру бағыттары бар. Мұғалімдердің құқықтары қорғалатын болады", - деді вице-премьер. Сонымен қатар ол өскелең ұрпақтың руханиятына да аса көңіл бөлу қажеттігін айтты. "Жастардың қолы бос болмауы керек. Олар спортпен, өнермен айналысуы тиіс. Өнегелі ұрпақ дегеніміз міне, осы", - деп сөзін қорытындылады.

Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы педагогтар мәртебесі туралы заң жобасын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда Шымкент көш бастап келеді. Биыл бұл мақсатта 10 жекеменшік мектеп ашылған. Бұл – жақсы көрсеткіш. «Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырған болатын. Осы ретте келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысын 25 пайызға өсіру көзделуде. Ұстаздардың білім сапасына да мән беруіміз қажет. Сондықтан да жоғары білімнен кейінгі магистрлік білімі бар ұстаздардың жалақысына қосымша ынталантыру мақсатында 17 пайыз үстемақы төленетін болады», - деді Білім және ғылым министрі.

Бұдан бөлек жиында ұстаздар тарапынан ұлттық тәрбиені күшейту, әлеуметтік жағдайды көтеру, мектептердегі орынсыз тексерулерді азайту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ кездесу барысында оқушылар ақпараттық технологияда жеткен жетістіктерімен таныстырды.

Вице-премьер бұған қоса Шымкент қалалық әкімдігінде әлеуметтік-еңбек саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жиналыс өткізді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 781 times