Четверг, 24 Октябрь 2019 16:15

Шымкент: Жолдау бойынша іссапармен келген Үкімет мүшелері халықпен кездесті

Шымкент қаласына келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев бастаған бір топ Үкімет мүшелері Президент Жолдауындағы көзделген негізгі тапсырмалардың орындалуы бойынша халықпен кездесті. Жүздесуде Мемлекет басшысының "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдаудауын орындалуы жөнінде сөз қозғап, алда атқарылатын жұмыстар жөнінде айтып өтті. 

– Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықты әлеуметтік қолдау мақсатында бюджеттен 250 млрд. қаржы бөлінді. Сонымен қатар халық арасында несие төлеуден кешігіп, айыппұлы өсіп кеткен шығындарды өтеу үшін 142 млрд. теңге жұмсалды, - деді Премьер-Министрдің орынбасары. – Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру үшін қоғам мен билік ортасындағы кері байланысты оңтайландыратын тиісті құжаттар әзірленуде. Халықтан келген бірде-бір сұрақтар жауапсыз қалмауы керек. Әр өңірде құрылған қоғамдық кеңестің жұмысында да кемшіліктер жетерлік, ашықтық жоқ. Сондықтан халық арасында жиі сауалнама өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік сауалнама бойынша көрсеткіші 30 пайыздан төмен болса, жедел түрде мәселесі қаралатын болады, - деді Бердібек Мәшбекұлы.

Жиынға ҚР Министрлер кабинеті, қала әкімі Е.Айтаханов, қалалық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері және Шымкент қаласындағы түрлі сала мамандары және қоғам мүшелері қатысты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 787 times