Пятница, 01 Ноябрь 2019 06:55

Шымкент: Тағайындалған 100 күн ішінде Ерлан Айтаханов не атқарды?

«2018 жылы 19 маусымда Елбасы Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жарлық шығарды. Осылайша көне де жаңа қала еліміздегі он жетінші аймаққа айналды. Шымкенттің республикадағы үшінші мегаполис мәртебесіне ие болуы шаһардың өсіп-өркендеуі мен жан-жақты дамуына зор серпін беріп отыр. 2200 жылдық тарихы бар көне қаланың жаңа келбеті қалыптасып, миллионды шаһар дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болуда» - деп хабарлайды «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Бұрын жалпы жер көлемі 40 мың гектар болған қала аумағы бүгінде 117 мың гектарды құрайды. Үшінші мегаполиске Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан 41 елдімекен қосылды. Шаһар көлемінің ұлғаюына байланысты жаңадан Қаратау ауданы құрылды. Бас жоспарға сәйкес, Шымкенттің шекарасы 3 есеге ұлғайды. Қала аумағы кеңейген соң әрине жұмыс ауқымы да айтарлықтай артқаны белгілі.

 

Шалғайдағыларға – шынайы назар

Бұл орайда қызметіне кіріскеніне 100 күн толып отырған Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына елеулі үлесін қосып үлгерді. Әкім келген бетте-ақ жұмысының басты бағытын ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қаланың шалғай елдімекендерін дамыту мәселесіне ден қоюдан бастады. Шымқалаға жаңадан қосылған Исфиджап, Жаңаталап, Сайрам, Игілік елді мекендері тұрғындарымен кездесулер өткізіп, олардың мұң-мұқтажымен танысты. Тұрғындарды толғантып отырған басты проблемалар – қажетті инфрақұрылымдар, атап айтқанда, сапалы ауыз су, газбен жабдықтау, электр қуаты, жол, кәріз жүйелерінің жеткіліксіздігі, қоғамдық көлік мәселесі алдыңғы кезекте шешілуі керектігіне мән берді және осы жұмыстарды жүйелі қолға алуды талап етті.

Ерлан Қуанышұлы: «...Жергілікті билік қаланың әр тұрғынына, олардың тұрғылықты мекенжайына қарамастан, бірдей жағдай жасауы қажет, яғни өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, бұл – Елбасымыз және Президентіміздің әкімдерге қойған басты талабы», –деп ашып айтты.

Үшінші мегаполис атанған Шымкенттің алдында тұрған ауқымды міндеттерді саралау мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Айтахановты қабылдап, жаңа әкімнің Түркістан облысынан қалаға қосылған елдімекендерге жол салу, газ тарту, электр жарығымен және ауыз сумен қамту бойынша жоспарымен танысты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Айтахановқа қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды

Бүгінде тапшылықтарды жою үшін республикалық бюджеттен 6,2 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінуде. Мәселен, жыл соңына дейін Айкөл, Ақжар, Сайрам елдімекендеріне сапалы ауыз су жүргізіледі. Оған қоса Достық шағынауданынан басталатын магистралды су құбыры аяқталып, нәтижесінде Ынтымақ, Жаңатұрлан, Батыс елдімекендеріне су беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар таяуда ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды. Жалпы, алдағы уақытта шалғайдағы елдімекендердің жол-инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне қаржы қаралатын болады. Спорт және мәдениет нысандарына да алдағы жылы қаражат қарастырылады.

 

Даму бағдарламасының дәйекті дәлелдері

Қаланың 2018 жылы бекітілген 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы тың қарқын алды. Ол 5 бағыттан тұрады: экономика, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік және құқық қорғау, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары.

Бағдарламада 72 индикаторлар қарастырылса, оның 2018 жылы 65-не қол жеткізілді немесе орындалуы 90,3% болды. Нәтижесінде, қаланың жалпы өңірлік өнімі 2,1 трлн. теңгеге жетіп, өсімі 114,1%-ды құрады. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Халықтың жан басына шаққанда жалпы өңірлік өнім 2,2 млн. теңгеге жетті.

Сонымен бірге әлеуметтік сала бағытында жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ды құрайды. Қоғамдық қауіпсіздік және құқық қорғау бағытында жоспарланған көрсеткіштер межеден асқан жоқ. Атап айтқанда, көшелерде жасалған қылмыстардың үлесі 19,9%-ға, жасөспірімдер жасаған қылмыстардың үлесі4,4%-ға дейін төмендеді.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында қала халқын орталықтандырылған сумен қамту деңгейін 93%-ға, су бұрумен қамтуды 49,1%-ға жеткізу қажет болса, 2018 жылы 9 сумен қамту нысанының құрылысы жүргізіліп, жоспарланған көрсеткіштер толығымен орындалды.

Салада 2019 жылы 35,5 млрд. теңгеге 700 жұмыс орны мен 9 жобаны іске асыру жоспарланып, бүгінгі күнге 4 жоба іске қосылып, 190 жұмыс орны ашылды. Өндірістің дамуына қаладағы 2 индустриялық аймақ өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда, құны 42 млрд. теңгеге 67 жоба іске қосылып, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Тартылған инвестиция көлемі жағынан 1 теңге бюджеттің қаржысына «Тассай» индустриялық аймағында 40 теңге, ал «Оңтүстікте» 10 теңге жеке инвестициядан келуде. Ашылғаннан бастап мемлекеттік бюджетке 16 млрд. теңге көлемінде салық түсті.

Қалада сауда нысандарының санын арттыру мақсатында ағымдағы жылы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Гипер Хаус» сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы аяқталды.

Халықты жұмыспен қамту бағытында, 2019 жылы 15 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып, бүгінгі күнге 11,2 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейін жоспарлы 5,1%-ға ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасына 5,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, 28,0 мың адам бағдарламамен қамтылды.

Қалада инфрақұрылымды дамыту мақсатында, 8 су нысанының құрылысы жүргізіліп, жылдың соңына дейін 4 нысан пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, орталықтандырылған сумен қамту деңгейін 94,7%-ға жеткізу жоспарлануда.

2019 жылы автомобиль жолдары саласын дамыту үшін бюджеттен 8,2 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 91 нысан құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылуда.

Тұрғын үй құрылысы саласында бюджет есебінен 3 578 пәтерлі 59 арендалық және кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 554 пәтерлі 27 тұрғын үйді халық игілігіне беру жоспарланған. Одан бөлек жеке инвесторлар есебінен 1 293 пәтерлі 26 коммерциялық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жылдың соңына дейін көрсеткішті 470 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда

 

Инвестиция тарту үдерісі үзілмейді

Жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тұрмыстық әлеуетін жақсарта түсу мақсатында шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізу мәселесіне үлкен көңіл бөлінуде.

Мегаполистің солтүстік аймағында орналасқан «Shymkent City» –12орамнан тұратын шағынаудан. Онда тұрғын үй мен бизнес орталықтарынан бөлек сауда орындары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен демалыс аймағы болады деп жоспарланған. Осы аумақта оңтүстіккореялық «Highvill Kazakhstan» инвестициялық-құрылыс компаниясы жалпы 51,5 га аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Оған 1 млрд. 350 млн. АҚШ доллары шамасында инвестиция тартылған. Ал салынатын жалпы пәтер саны– 7100. Жаңа жоба «Shymkent Cityдің»жаңа келбетіне көрік беретін болады. Өзін әлемге танытқан компания бірінші кезекте 1,3 га жер теліміне 10 тұрғын үйдің (224 пәтер, жалпы ауданы – 21 543,7 ш.м.) құрылысын жүргізеді. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің жер қазба жұмыстары басталып кетті.

Сонымен қатар Ерлан Айтаханов Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен, Қазақстан Республикасындағы «GG Group» трансұлттық корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы, непалдық миллиардер Бинод Чаудхаримен, Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Эрик Майермен, Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюспен, Орталық Азия бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры Бруно Балванера бастаған делегациямен, Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гиклмен, Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ким Хынг Сумен, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобровпен т.б. шетелдік өкілдермен кездесулерінде сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Құрамында чехиялық 17 компанияның өкілі бар Чех Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачек бастаған делегацияның қатысуымен «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде өткен ҚАЗАҚСТАН-ЧЕХ бизнес-форумы да екі ел арасында сауда-экономикалық қатынастардың өркендеуіне серпін беретіні анық.

 

Әлеуметтік карта көмекке келеді

Тамыз айында қала әкімі арнайы әлеуметтік карта құруды тапсырды. Республиканың барлық ірі қалаларында жұмыс істейтін бұл карта мегаполистің өзекті мәселелерін шешуге арналған. Қазіргі таңда мамандар дамудың маңызды құжаттарын әзірлеуге кірісіп кетті, бұл орайда әр аудан секторларға бөлінуде.

«Қаладағы аудандардың да, шаһар аумағына қосылған 41 елдімекеннің де инфрақұрылымын дамыту аса маңызды, – деп атап өтті Ерлан Айтаханов. – Бұл істе бізге арнайы әлеуметтік карталар көмек береді. Түйткілді мәселелерді біртіндеп шешу керек. Шалғайдағы аудандардың жолдары, инженерлік инфрақұрылымы, құрылысы мен әлеуметтік нысандарды абаттандыру секілді мәселелері шешімін табуы тиіс. Осы мақсатта жекеменшік инвесторларды жұмылдыру керек».

Қала әкімі тұрғындар үшін қолайлы орта құруды биліктің басты мақсаты деп мәлімдеді. Ең алдымен қаланы қоқыстан тазартып, шалғайдағы елдімекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту басты назарда тұр.

 

Шағымданушылар саны екі есеге төмендеді

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын белсенді түрде қолдағандардың бірі – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов. Әкім қала активінің Мемлекет басшысының Жолдауын пысықтаған отырысында қайталама арыз-шағымдардың көптігін айтып, сырғытпа жауап беруді тоқтатуға шақырған болатын. Ағымдағы жылдың басынан жер, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында 7 азаматтан 25 қайталама арыз-шағым түскен. Яғни мәселесі шешімін таппаған. Қала басышысы барлық орынбасарлары мен басқарма басшыларын халықты әуре-сарсаңға салмай, сырғытпа емес, толық және нақты жауабын беруге міндеттеді. Е.Айтаханов өзі бастап, әр аптадағы жұма күні тұрақты қабылдау өткізді.

Қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас жасау, бірігіп мәселенің шешімін іздеу тамаша нәтиже көрсетті: шағымданушылар саны екі есеге төмендеді.

Шымкент қаласының әкімдігіне 2018 жылдың тоғыз айында 34 мың арыз-шағым тіркелген. Салыстырмалы түрде алсақ, ағымдағы жылдың 9 айында арыз-шағымдар саны 16 мыңнан аспаған. Демек Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті іске асырылуда.

Сондай-ақ қала әкімі біраз уақыттан бері тоқтап қалған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерін қайта жандандыруды қолға алды. Шаһар басшысының бастамасымен әр сенбі Қажымұқан атындағы стадионда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеге көкөніс пен жеміс жидекті, басқа да азық-түлікті Түркістан облысының дихандары мен кәсіпкерлері алып келеді. Ал нарықтағы бағадан жеңілдетілген жәрмеңке саудасын Е.Айтаханов әр сенбі өзі қадағалайды.

 

Жастарға – жолбасшы

Қала тұрғындарының төрттен бір бөлігін құрайтын, 260 мыңнан аса жастары бар шаһардың жас өрендерінің өркенді істері мен оларды толғандырып жүрген мәселелерге көңіл бөлетін Ерлан Айтаханов студенттермен, мектеп оқушылары және жас отбасылармен еркін форматта кездесу өткізді.

Студеттер қала әкіміне қоғамдық көліктің жүру бағыттары және жол ақысы, жолаушылар көлігінің жетіспеушілігін, әсіресе шалғай шағынаудандардан қаланың орталығына қатынаудың қиындығы жайлы айтып, қолжетімді баспана мәселелерін де қарастыруды сұранды.

Қала әкімі жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдар аралығында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланғанын айтып қуантты. Оның ішінде, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 1050 пәтер және Шымкентте 900 пәтер беру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жеткізді. 2020 жыл еріктілер жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай қала басшылығы тарапынан волонтерлікті дамыту мақсатында еріктелерге жан-жақты қолдау көрсетілетіндігі айтылды.

 

Кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін – 9 бағыт

Шымкентте кәсіпкерлер мен инвесторларға қызмет көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын қамтамасыз ететін фронт-офис мамандарының қызметіне кеңес алу үшін 5 мыңға жуық адам жүгінген. «Бизнеске арналған үкімет» жобасын «SHYMKENT» ӘКК» АҚ және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесе жүзеге асырып отыр. Бұл жұмыстар бизнес мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ инвесторларды тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің инвесторлар үшін «Бір терезе» фронт-офистерін құру туралы тапсырмасының негізінде құрылды.

Аталмыш процестерді оңтайландыру, кәсіпкерлер мен инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді кеңейту мақсатында мемлекеттік кірістер және көші-қон қызметтері департаментімен «Қазпошта» АҚ қызметтерін «Бір терезе» арқылы біріктіру туралы шешім қабылданды.

Мұнда инвесторлар мен кәсіпкерлерге 9 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. «Бизнеске арналған Үкімет» нарықтағы өзгерістерді, мемлекеттік саясаттағы, экономикадағы, заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып сәйкесінше үнемі жаңарып отырады.

 

«ПЭТ» – дертті асқындырмайтын орталық

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласының жұрты енді сапалы ем іздеп Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып сабылмайтын болды. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар бұдан былай диагностикалық тексеруден өту үшін онкологиялық орталықтағы «ПЭТ» орталығының қызметіне жүгіне алады.

Жаңа тексеру орталығының жұмысын іске асыру үшін қала әкімі Ерлан Айтаханов түрік компаниясымен келіссөз жүргізіп, екі жақты меморандумға қол қойды. Меморандум аясында түрік инвесторлары қалалық онкологиялық орталыққа соңғы үлгідегі (ПЭТ) заманауи позитронды-эмиссионды томография және циклотрон қондырғысын орнатады. Жалпы жоба құны 2,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл құрал-жабдықты орнату арқылы жылына орташа есеппен 10 мың адамнан онкологиялық аурулардың таралуын ерте сатысында анықтап, өлім-жітім көрсеткішін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Инвестор өз қаражаты есебінен жабдықтарды сатып алып, нысанды жалға алу арқылы халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін болады. «ПЭТ» құрал жабдығы – қатерлі дерт анықталған жағдайда асқындырмай, емді ерте бастауға мүмкіндік береді. ПЭТ бір күнде 30-ға дейін адамды қабылдай алады. Шымкент қаласындағы онкологиялық орталығында науқастардың 100 пайызы зерттеудің бұл түрін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде тегін өтеді.

Read 1123 times