Среда, 18 Октябрь 2017 07:33

ОҚО МӘСЛИХАТЫНДАҒЫ ЕҢ БАЙ КӘСІПКЕР-ДЕПУТАТТАР КІМДЕР?

Сайлау алдында сұлу сөзбен шұбыртып уәде беретін депутаттыққа үміткерлердің сайлау өткесін сайда жолы, құмда ізі қалмайтынын халық талай көрген. Тіпті сайлаудың алдында халыққа не уәде бергенін ұмытып қалған депутаттарды да білеміз. Жә, айтайын дегеніміз бұл емес, айтпағымыз, қазіргі депутаттар жайлы.

Кеңес дәуіріндегі шопан, диқан, зоотехник, инженер, құрылысшы депутаттарды былай қойып, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары Парламенттен өзге жергілікті мәслихаттарға сайланған депутаттар кімдер еді? Кілең заңгер, ғалым, жазушылар мен ақындар, өнер адамдары, еңбек озаттары емес пе еді?! Қазіргілер ше?

Қазіргілердің көпшілігі - кәсіпкерлер. Келісесіз ғой? Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы 46 депутатты алайық (ОҚО мәслихатының ресми сайтындағы мәлімет бойынша 46 депутат бар). Сол 46-ның жоқ дегенде 36-сы - кәсіпкер. Кәсіпкер болғанда да, ірі кәсіпкерлер. Кейбіреулері Қазақстандағы ең бай 100 адамның қатарына кіріп-шығып жүреді. Ал енді қалған 10-ы бизнеспен айналыспай ма? Депутаттыққа бизнестен басқа қандай жолмен келуі мүмкін? Ол 10 өздерін "кәсіпкер емеспіз" десе, демек, кәсібін баласының не болмаса жақын туысының, тіпті, шопырының атына жазып қойып, қағаз жүзінде ештеңесі жоқ «бейшара» боп жүргендер болуы мүмкін. Бірақ, қазіргі заман ешкім ештеңесін жасырмайтын заман емес пе? Оның үстіне кәсіпкер болу деген қылмыс емес. Қайта өкімет кәсіпкерлердің қатарын көбейте алмай әлек. Яғни, олар өздерін бизнеспен айналысамыз десе, ешкім ештеңе демейді. Осы 46 депутаттың екі-үшеуі - оқу орнының, екі-үшеуі - телеарнаның басшысы, құрылтайшысы. Олардың да кәсіпті нәсіп етіп отырғандығы туралы деректер баршылық.

Негізі, былайғы халық депутаттардың дәулетті екенін біледі. Алайда, жақсы танитындары болмаса көпшілігі депутаттардың сол дәулетті қалай құрағанынан хабарсыз. «Әйтеуір кәсіпкер ғой» дейді. "Қандай кәсіп, немен айналысады, меншігінде қандай зауыт, фабрика бар, «Форбстың» тізімінде қаншасыншы орында?" деген сияқты сұрақтардың жауабын біле бермейді.

Сондықтан да, халық кімді сайлағанын, сайлаған қалаулыларының қаншалықты дәулетке ие екендігін біле жүрсін деген ниетпен таяу күндері Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатындағы кәсіпкер-депутаттардың қалай күн көріп жүргендігі мен нені кәсіп ететіндігін, қайсысының дәулеті қайсысынан асатынын, қайсысының кәсіпкерлік субъектісі өкіметтен қанша тендер немесе субсидия алатынын тарқатып жазғалы отырмыз. Халық қалаулыларының халықтан жасыратын ештеңесі жоқ шығар. Өздері де атсалысар деген ойдамыз. Құрметті оқырман, білетініңіз болса, сіз де бізбен бөлісе отырыңыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Read 2369 times