Вторник, 21 Ноябрь 2017 05:14

Оңалбай Аяшев пен Жұмахан Мырхалықов алмастырылмайтын кадр ма?

Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасына вето қойғаны естеріңізде болар. Бұл ретте Елбасы заң жобасына әлі де өзгертулер енгізілуі керектігін ескертіп, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің зейнеткерлікке шығуына қатысты мәселе бүге-шігесіне дейін қаралуы қажеттігіне баса назар аударған-ды. Саяси мемлекеттік қызметшілердің зейнетке шығу жасын әкімшілік мемлекеттік қызметкерлермен бірдей етуді ұсынған Мемлекет басшысының зейнет жасына жеткен кейбір мемлекеттік қызметшілердің орындарын босатпайтындығын атап өткенін де ұмыта қойған жоқпыз.

«Жетер, 25 жыл барлығын ұстап тұрдық, шығу керек. Әрқайсысында шығатын нақты мерзімі бар. Кеңестік кезеңде 2-3 жылда егер босатса, қуанып, кететін еді, ал қазір ешкім шыққысы (зейнетке) келмейді. Зейнеткерлікке шығудың нақты мерзімі бар. Барша деңгейлерде Қазақстан бойынша осындай қанша адамдардың отырғанын білемін. Бұл саяси қызметкерлерге де таралуы керек», дей келе Елбасы бұл мәселенің тек іріктеулі лауазымдарға ғана қатысты емес екенін айтып еді: «Жалғыз ерекшелік – заң жобасында Президент тағайындайтын бірқатар саяси мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдарын қарастыруды ұсынамыз, яғни олардың шығуын Президент өзінің рұқсатымен 1-ден 5 жылға дейін ұзартады немесе ұзартпауы да мүмкін».

Іле-шала Парламент депутаттары Президент наразы болған баптарды қайта қарады. Сөйтіп, ортақ шешімге келді. Ал сол 2015 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен Бөрібай Жексембин, Бақытжан Ордабаев, Зауытбек Тұрысбеков сынды азаматтардың зейнет жасына жетуіне байланысты елшілік қызметтерінен босатылғанын естідік. Содан бері заң – күшінде. Зейнет жасына толған шенділердің барлығы да кейінгі толқынға орын беріп жатыр.

Жалпы, зейнеткерлік жасының қолдан әрі қарай ұзартылмауы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыруға қосылған титімдей болса үлес болса керек. Себебі белгілі бір ұйымдағы зейнеткердің қызметте ұзақ отыруы сондағы ұжымның наразылығын тудыруы бек мүмкін. Егер адам өмірін толқынға теңесек, замана желімен қуат алған әрбір толқын жағалауға асығады. Ал алдыңғы толқынды кейінгі толқын алмастырып отырады. Сондықтан әрбір толқын өз миссиясын орындап, кейінгілерге жол беруі тиіс. Бұл – табиғаттың адам өміріне орнықтырған заңы.

Иә, Елбасының өзі ескерткендей, «исключение» жасалатын тұлғалар бар. Мысалы, биылғы 26 шілдеде пайғамбар жасқа толған Президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков зейнетке кетуі тиіс-тін. Алайда Мемлекет басшысының Жарлығымен оның өкілеттігі зейнеткерлік жасқа толған күннен бастап 2022 жылғы 26 шілдені қоса алғандағы мерзімге дейін ұзартылды. Бұған дейін Владимир Божко, Владимир Школьник, Сергей Кулагин, Амандық Батталов, Бақытқожа Ізмұхамбетов, Бердібек Сапарбаевтардың да зейнет жасына жетуіне байланысты, олардың қызметтегі өкілеттігін түрлі мерзімдерге ұзартқанын білеміз. Сірә, мемлекет үшін құнды кадрлар болғандығынан шығар.

«Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» демекші, Н.Назарбаевтың сол жиындағы «Кез келген маманға ең алдымен өзінің орнын басатын адам дайындау туралы міндет қою керек. Бұл барлығымызға қатысты...» деген әңгімесінен жалғыз мемлекеттік қызметшілер ғана емес, түрлі деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер де сабақ алды ма, соңғы жылдары әйтеуір қатардағы қызметкерлерді былай қойғанда, үлкенді-кішілі басшы-қосшыларға шейін зейнет жасына келісімен дереу демалысқа қамданатын болған. Шамасы, мұны жасарын жасап, асарын асаған зейнеткерлердің қызметке жабысып, жастарға орын бермеуі табиғат заңдылығына, қоғамның ар-ұжданына,  ұрпақтар сабақтастығына кедергі келтірерін сезгендігі деп ұққан жөн болар. Мұны кезінде кеңес үкіметі де жақсы түсінді. Кеңестік тұста зейнеткерлікке шыққан кісі (КОКП-ның (КПСС) саяси бюро мүшелерінен басқалары, қазіргі ұғыммен айтсақ, саяси тұлғалар) жұмыста көп тұрақтамайтын. Соның нәтижесінде мемлекеттен басы артық шығын шықпайтын, әлеуметтік әділеттілік те, өмірдің заңдылығы да сақталатын.

Әйткенмен Елбасының кез келген бастамасы мен идеясын әншейінде ынты-шынтысымен қолдайтын мемлекеттік кәсіпорындар басшыларының арасында дәл осы зейнетке шығу мәселесінде тартыншақтайтындары бар сияқты. Мәселен, жоғары оқу орындарының базбір ректорлары.     

Иманғали Тасмағамбетов соңғы рет Премьер-министрдің орынбасары болған бес айдың ішінде мемлекеттік ЖОО-ның ректорларын конкурстық тағайындау жандана бастағандай болып еді. Оның төрағалығымен жоғары оқу орындарының ректоры лауазымына үміткерлерді анықтау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның алғашқы отырысы өткені де – есімізде. Оған дейін мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалып келіп еді ғой, сондықтан бұл жаңашылдық ректорлар корпусының біраз бөлігіне соны леп әкеліп, зейнет жасындағыларды жаңаша ойлайтын жаңа буынмен алмастырады деп қуанғанбыз. (Өйткені кейбір деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда басшылық лауазымды 3 жыл сайын 2 мерзімнен аса уақыт иеленіп келе жатқан ректорлардың 40 пайызы зейнет жасында немесе зейнетке таяу жаста көрінеді. Ал бұл өз кезегінде басқару ұтқырлығын төмендететін ұқсайды). Өкінішке қарай, аталмыш комиссияның қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінен бейхабармыз.

Алысқа ұзамай-ақ, ОҚО-дағы мемлекеттік деген мәртебесі бар жоғары оқу орындарының басшыларын тілге тиек етейікші. Бұл тұрғыда зейнеткер ректорлардың көшін Оңалбай Аяшев бастап тұр десек, қателеспеспіз. Бұйыртса, биыл 25 қарашада 67 жасқа толатын ол Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтын 2011 жылдан бері тізгіндеп келеді. (Айтпақшы, бұл білім ордасы жақында ғана Үкіметтің қаулысымен университет деп атала бастады).

Зейнеткер ректорлардың сапына осы жылдың көктемінде (16 сәуірде) Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов та қосылды. Ж.Үшкемпірұлы тарихы терең оқу орнын 2012 жылдың ақпан айынан бері басқаруда.  

Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Уәлихан Әбдібеков пен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының ректоры Бақытжан Сексенбаевтар дәл қазір зейнетке шығамын десе де өкімет шығармайтыны анық. Себебі екеуіне де пайғамбар жастың ауылына жету үшін әлі 6 жыл керек екен.

P.S. Осыдан төрт жарым жыл бұрын сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовті жұрттың бәрі жерден алып, жерге салып жатқан шақта Оңалбай Аяшев әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ден 63 жасқа ұзартуды қолдаған азаматтардың бірі-тін. Әрине, реформаны жүзеге асырушы министр болғанымен, авторы мемлекет басшысы екені сөзсіз. Оны кезінде Н.Назарбаевтың өзі «Зейнет жасын бекер көтермедік. Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарып барады. 10 жылда ғана өмір сүру ұзақтығы 64-тен 72 жасқа жетті. Егер біз зейнетке шығу жасын көбейтпесек, онда зейнетақыға ақша қалмайды. Мұны барлығы түсінеді деп ойлаймын», - деп мәселенің мән-жайын айшықтап берген-ді. Сәтін салса, аталмыш реформа алдағы жылдан бастап жүзеге аса бастайды.  

Ал сол уақытта көрегендік танытқан О.Аяшев Мемлекет басшысының: «Зейнеткерлікке шығудың нақты мерзімі бар. Кез келген маманға ең алдымен өзінің орнын басатын адам дайындау туралы міндет қою керек. Бұл барлығымызға қатысты» деген сөзіне қатысты қаншалықты қолдау көрсетер екен? Әлде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев үшін, білім саласына жауапты вице-премьер Ерболат Досаев үшін Оңалбай Аяшев пен Жұмахан Мырхалықов Әділбек Жақсыбековтей немесе Бердібек Сапарбаевтай өте-мөте зәру кадр ма? Бәлкім, Елбасы айтпақшы, «Алмастыратын адам іздесең, ешкім жоқ. Сұрасаң, «Орныма қоятын ешкім жоқ. Барлығын жалғыз өзім атқарып келемін, менен кейінгілер мүлде нашардың» кері ме екен?   

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Read 3836 times