Воскресенье, 03 Июнь 2018 09:27

Шымкент миллионер атанды. Қаланы енді қандай өзгерістер күтіп тұр?

Мамыр айында Астанада өткен экономикалық форумда мемлекет басшысы өз сөзінде «Егер бізде бұған дейін миллион тұрғыны бар тек Алматы қаласы болса, қазір үш мегаполисіміз бар – Алматы, Астана және Шымкент қалалары»,-деген болатын. Осы мәлімдемеден кейін Шымкент облыс орталығы мәртебесін сақтап қала ма әлде республикалық маңызы бар қалаға айнала ма деген сауалдар жиі қойыла бастады.

Саясаттанушы Талғат Қалиев Оңтүстік Қазақстан облысы ең тығыз қоныстанған облыс, ал Оңтүстік Қазақстан келген урбанизация процесі күшейген сайын Оңтүстік Қазақстаннан келгендер еліміздің барлық  өңірлерінде көп.  Сондықтан Шымкенттің «миллионер» атанғаны ақылға әбден қонады дейді.

Сарапшының пікірінше, тауяда Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшуі мүмкін. Бұл Түркістанның дамуына жаңа серпін береді екен. «Мәселен, Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығына айналғанда солай болған. Облыстың жай қаласы болып тұрған кезі мен облыс орталығына айналған кезін салыстыру мүмкін емес. Талдықорған да солай өзгерген», - деп еске алады Т.Қалиев.

Ал енді Шымкентке келсек, оның өз бюджеті пайда болуы керек дейді саясаттанушы. «Қазір Шымкент қаласы облыс бюджеті есебінен қаржыландырылады. Егер өзінің жеке бюджеті жасалса оның көлемі артуы тиіс. Бұдан өзге Шымкент қаласы шешім қабылдарда дербес болуы тиіс, ол кезде қала әкімінің салмағы да арта түсері сөзсіз. Үкіметпен тікелей жұмыс істеп, қаланы дамытудың бағдарламаларын өздері ұсынатын болады. Осыған сай, бүкіл республика тарапынан Шымкентке басқаша назар аударылмақ».

Тағы бір саясаттанушы Талғат Исмағамбетов облыс орталығын беру мәселесі соншалықты айқын емес деп санайды. «Егер басқа облыс орталығы пайда болып, сонда көшіріліп жатса, мысалы Түркістан дейік, онда бюджетке қосымша салмақ түседі. Егер Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін де алып, облыс орталығы да болып қала беретін болса онда бюджеттік шығындар да қысқарады»,-дейді Исмағамбетов.

«Қалай десек те, Шымкенттің жаңа мәртебеге ие болатындығы туралы әңгімелер дәл қазір қызу жүріп жатыр. Оның үстіне, Шымкент агломерациясы көлемі жағынан да, халық саны бойынша да одан ары өсе түсетіні анық. Елбасының өзі жолдауында Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе агломерациялары өсе беретінін айтқан болатын. Қалғандары ондай қарқынмен өспейді. Бейресми түрде шымкенттіктердің біздің қоғамымыздағы жағдайы биіктей түседі»,-деп қорытты саясаттанушы Талғат Исмағамбетов.

 

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

 

Read 1464 times