Вторник, 05 Июнь 2018 09:46

Шымкенттің әкімі қаладағы балалар темір жолының жай-күйімен танысты

Шымкент балалар темір жолы қайта қалпына келтіріледі ме? Өткен демалыс күні қала әкімі Нұрлан Сауранбаев теміржолды аралап шықты. «Спортшылар» бекетінен «Тұлпар» бекетіне дейін жаяу аралап, бір кездері Шымкенттің мақтанышына айналған балалар темір жолының жай күйін көзімен көріп қайтты.

Шенеуніктер мен қоғам белсенділері бірлесіп 8 шақырым жерді аралап шықты. «Спортшылар» шағынауданынан дендробаққа дейінгі жолды жаяулатып шықты. Басты мақсаты — бүгінгі балалар теміржолының жайына баға беру. Одан соң жалпы бұл нысанның Шымқалаға қажеттілігі қанша екендігін салмақтауға әкімдікте бас қосты.

Жиналғандар бірауыздан балалар темір жолының қажеттігін айтты. Дәл қазір Шымкенттің туристер тартар брендіне айналғаны абзал десті олар. Елімізде бір кездері 14 балалар темір жолы болса, бүгінде тек Алматы мен Қарағандыда ғана қалған.

Екі жылдан соң Шымкент балалар темір жолының ашылғанына 40 жыл болады. Бұл атаулы күнге жетпей тот басып, тұралап қалған темір жол кезінде талай балаға қуаныш сыйлап, талай ұрпақтың балалық шағының белгісіндей болып қалған еді. 20 минуттық поездағы саяхатты балалар апталап күтетін.

Шымкенттіктер талай уақытқа дейін балалар темір жолының қайта түлейтіндігінен үміттерін үзбеді. Бірақ Байтұрсынов пен Арғынбеков көшелерін жөндеуші мердігер бұл үміттерді асфальттің астына көмгенін де көз көрді.

Енді қала әкімдігі қалалықтар арасында сауалнама жүргізді. Балалар темір жолының қаншалықты қажет екендігін анықтамақ ниетте. Пікірлер де сан түрлі. Дені балалар темір жолының түлеуін тілейді.

Бұл сұраққа соңғы шешім осы аптада шығарылады. Көпшілікпен талқылау үшін қоғамдық тыңдау ұйымдастырылуы да мүмкін. Пікіріңізді айтып, не сауалнамаға қатысып, туған қаланың туристік бренді болар балалар темір жолының түлеуіне үлес қоссаңыз болады.

kz.otyrar.kz

Read 1282 times