Среда, 06 Июнь 2018 09:37

Шымкенттің 1 миллионыншы тұрғынының есімі – Айсұлу

Шымкентте бүгін ерекше күн. Тарихи күн десе де болғандай. Себебі, алып шаһардың миллионыншы тұрғыны анықталып, оған өңіріміздің атқамінерлері пәтер сиға тартты. Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев пен ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев миллионыншы тұрғынды дүниеге әкелген Еламановтар отбасына осындай сый құрмет көрсетіп отыр.

Жиырмадан енді асқан екі жастың шаңырағында дүниеге келген Шымкенттің миллионыншы тұрғынының есімі Айсұлу. Үйінің тұңғышы. Бақыттан бастары айналған ата-анасының қуаныштарында шек жоқ. Дәл осындай тарихи сәт өздерінің отбасына бұйырғандарына дән риза. Нәрестемізді еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азаматша етіп тәрбиелеуге күш-жігерімізді саламыз дейді.  

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымкентті миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілгенін айтқан аймақ басшысы  сол мақсат жүзеге асып, Шымкент еліміздегі миллиондық халқы бар үш қаланың біріне айналып отырғанын атап өтті.

«Бұрын миллиондық  тұрғыны бар Алматы ғана болса, қазір миллион тұрғыны бар екі қала  - Астана мен Шымкент. Астана өткен жылдары миллиондық қала атанса,  Шымкент биыл миллиондық халқы бар қалаға айналып отыр. Елбасы бүкіл дүние жүзінің  қайраткерлер қатысқан экономикалық форумда Шымкент қаласын  миллионды қала деп жариялады. Ал шымкенттіктер республикалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдады. 2017 жылдың қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғындары 39 мың адамға өсті. Мұның 18 мыңы ішкі көші-қон есебінен жүзеге асқан. Ал қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келген болатын. Ол азаматша өздеріңіз көріп отырған Еламанова Айсұлу жас отбасының бірінші перзенті. Шымкенттіктердің атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәресте дені сау, еліне елеулі, халқына қалаулы қыз болып өсіп, елдің нағыз патриот азаматшасы болсын!»,-деді облыс әкімі.

Ал енді Айсұлудың ата-анасымен таныстыра кетсек. Сәбидің анасы Ахайбекова Айжан Хамитқызы – 1996 жылы Шымкент қаласында дүниеге келіпті. Шымкент қаласындағы «Альфа» банкінің менеджері болып жұмыс істейді, әкесі Еламанов Самат Талғатұлы – Сарағаш ауданы, Абай ауылында 1995 жылы туылған. Бүгінде Шымкент қаласының жүйке аурулар ауруханасында жұмыс істейді.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 1446 times