Пятница, 15 Июнь 2018 07:41

Шымкент қаласының әкімі Ораза айт мерекесімен құттықтады

Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қала тұрғындары мен қонақтарын Ораза айт мерекесімен құттықтады. 

Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Ораза айтымен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті жұма күнімен қатар келген айт мейрамы құтты-берекелі болсын!

Біздің халқымыз Рамазан айын ежелден ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.

Ораза айты – қонақжайлылық пен мейірбандылықтың, достық пен татулықтың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.

Бір ай бойы төзімділік танытып ауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәт.

Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, Алланың амандығы мен берекетін тілеймін.

Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1196 times