Среда, 20 Июнь 2018 14:21

Жансейіт Түймебаев – Түркістан облысының тұңғыш әкімі!

Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жаңадан құрылған Түркістан облыстық мәслихатының сессиясына қатысып, Үкімет жетекшісі Түркістан облысының әкімі лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты тағайындау туралы ұсынысы жазылған Елбасының облыстық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқып берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. 

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев пен Әділбек Жақсыбеков Түркістан облысының активімен кездесіп, өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Бақытжан Сағынтаев кеше мемлекет басшысының тарихи шешімімен елімізде жаңа Түркістан облысы құрылғанын еске салды.

«Түркістан көптеген ғасырлар бойы тек Орталық Азияның емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани өмірінің орталығы болды. Мемлекет басшысының киелі Түркістанды облыс орталығы ретінде белгілеуі туралы шешімі өңірді одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Елбасының осы тарихи шешімі жергілікті халықтың өмірін жақсартуға, сондай-ақ жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», - деді премьер.

Таныстыру барысында Бақытжан Сағынтаев Жансейіт Түймебаевтың түрлі жауапты лауазымдардағы мол жұмыс тәжірибесін атап өтті. Сондай-ақ маңызды жиында танымал жазушы Мархабат Байғұт пен белгілі қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов қалың бұқараның атынан мемлекет басшысына халықтың рухани күш-жігерін көтеретін және өңірді дамытуға жаңа серпін беретін көреген шешім қабылдағаны үшін алғысын жеткізді.

Айта кетейік, кеше Президенттің «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталып, әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Түркістан қаласының түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде дамуына ықпал ететін Бас жоспарды әзірлеу бойынша Үкіметтік комиссия құрылды.

Енді Ж.Түймебаев туралы бірер сөз.

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауданында (қазіргі Бәйдібек ауданы) 1958 жылы 8 шілдеде дүниеге келген.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент (1980-1993);

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы (1994-1997);

Қазақстан Республикасы Президентінің Протокол қызметінің бас сарапшысы (1997-1999);

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Бас Консулы (Стамбул қаласы) (1999);

Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бастығы (1999-2004);

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының Бастығы (31.03.2004-01.02.2006);

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (01.02.2006-10.01.2007);

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі (10.01.2007-09.2010);

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (10.2010-2016);

2016 жылдың қазан айының 7-сінен бастап кеше Елбасы Жарлығы шыққанға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып келді.

P.S. Сонымен, Мағжан Жұмабаев «екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі» деп жырға қосқан Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы, тек орталыққа ғана айналып қоймай, тіпті Түркістан облысының құрылуы – расында да тарихи оқиға. Бұны тек түркістандықтар үшін ғана емес, иісі қазақ үшін аса маңызды оқиғалардың санатына жатқызуға болады. Иә, кешеге дейін рухани астанамыз ретінде қастерлейтінбіз, ал бүгін бір замандарда қазақ хандығының астанасы болған киелі шаһарға тағы бір жауапкершілік жүктеліп отыр. Тұтас облыстың жүгі. Бұл қалада енді 2 миллион халқы бар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін берер талай-талай игі шешімдер қабылданады. Әрине, мұның барлығы өз кезегінде Түркістанның өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдіміз.

Ал Жансейіт Түймебаевқа кеше күллі түркі әлемінің алтын ордасы, қарашаңырағы болған Түркістанды қайта түлетіп, түрлендіріп, жаңартып, жасартып, сол арқылы Қазақ елінің тәуелсіздік тұғырының биіктей түсуіне өз қолтаңбасын қалдырып, зор үлесін қосатын кезең туып отыр.

Алла сәтін салсын!

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Read 1749 times