Среда, 20 Июнь 2018 16:46

Ғабидолла Әбдірахымов мегаполис Шымкенттің жаңа әкімі болып қайта оралды

Республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласының жаңа, яғни алғашқы әкімі болып Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Бұл қызметте ол Нұрлан Сауранбаевты алмастырды. 

Мегаполистің жаңа әкімін қала активіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев таныстырды. Олар Ғабидолла Әбдірахымовқа сәттілік пен ауқымды жобалардың жүзеге асырылуын тіледі.

Айта кетейік, Ғабидолла Әбдірахымов бұған дейін Шымкентті облыс орталығы кезінде басқарған болатын. Қала әкімі қызметіне 40 жасында тағайындалған. Оған дейін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Шымкенттің әкімдігінен кейін,2017 жылғы 31 қазаннан бастап осы тағайындауға дейін «Нұр Отан» партиясының хатшысықызметін атқарды.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Нұрлан Сауранбаевқа Шымкенттің әкімі қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Еске салайық, Нұрлан Сауранбаев қала әкімі қызметін 2017 жылдың 7 қарашасынан бері атқарып келді. Жеті айдан сәл астам уақытта ол әлеуметтік маңызы бар бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгерді. Олардың арасында «Мектепке қауіпсіз жол», «Қошқарата өзенінің бойын абаттандыру» жобалары, Арбат және «Астана» гүлзарының құрылыстары бар. Бұған қоса Нұрлан Сауранбаевтың әкімдігі кезінде Шымкентте топырақ жол қалмай, барлығына тас төселді. Бұған дейін жарықтандырылмаған көшелердің мәселесі шешіліп, 5 жаңа мектеп пен ірі жолайырықтың құрылысы аяқталып келеді. Сонымен қатар Шымкент әуежайын қайта құру жұмыстары басталды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1368 times