Воскресенье, 24 Июнь 2018 03:00

Шымкентте мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы көтерілетін болады

Таяуда Шымкентте өткен мемлекеттік қызметкерлер күнінде сөз сөйлеген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала әкімдігіндегі мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы көтерілетін болады деді. Бұл жаңалық біраз отбасыға қуаныш силап, мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты оята түсері анық.

Қол астындағы қызметкерлері мен әріптестерін мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесімен құттықтап тұрып мегаполис әкімі Ғ.Әбдірахымов бір отбасының мүшелеріндей жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

- Жаңа статус - бұл жаңа мүмкіндіктер ғана емес, қала тұрғындарына жүктелетін зор жауапкершілік. Бірге жұмыс істесек қана Шымкентті жаңа белеске шығарамыз. Біздің мақсатымыз - Шымкентті Астана мен Алматы қалаларының деңгейіне жеткізу. Егер біз бір отбасының мүшесіндей жұмылсақ, бұл мақсатқа жететінімізге сенемін, - деді Ғабидолла Əбдірахымов.

Бұған қоса жоғарыда айтып өткеніміздей, қала əкімі Ғабидолла Әбдірахымов жаңа статусқа байланысты мегаполис əкімдігі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі деді. Басқармалар құрылған соң конкурс жарияланып, жұмысқа үздік қызметкерлер қабылданатынын айтты.  Айта кетейік, қала басшысы кәсіби мерекелеріне орай әкімдіктегі қызметкерлердің барлығына сыйақы беру туралы бұйрыққа қол қойған болатын. Ол сондайақ, қала халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бар күш-жігерін салатынын айтып, уәде берді. «Мен сіздерге сенемін және адал қызмет етуге уәде беремін. Біз табысқа жетеміз!»,-деді Ғабидолла Әбдірахымов.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 1204 times