Четверг, 28 Июнь 2018 04:16

«Shymkent City Bike» велосипедтердің қатарын көбейтпек

Миллионер қала Шымкент таяуда Shymkent City Bike үшін қосымша велосипед сатып алуды жоспарлап отыр. Шымкенттіктер екі жылдың ішінде бір де бір велосипедті бұзбапты. Және де велосипедпен жүретіндердің қарасы арта түскен.

Велосипедпен жүру денсаулығы үшін ғана емес, қаржылық тұрғыдан пайдалы. Шымкентке мегаполис мәртебесі берілген сәттен бастап, көлік ағынының еселеп арту ықтималдығы жоғары. Қала тұрғындары кептелістікте тұруды қаламайды, сондықтан көптеген адамдар екі доңғалақты көлікті таңдай бастады.

2016 жылы Шымкентте велосипедшілер үшін қолайлы жағдай жасау үшін арнайы велосипед жолдарының құрылысы басталды. Тротуар екі бөлікке бөлініп, сызық жасалды. Рас, бұл жұмыс қаланың орталық көшелерімен шектелген-ді. Сондықтан басқа көшелерде велосипедшілер жаяу жүргіншілермен қабаттаса жүруге мәжбүр.

Шымбайк-прокатта барлығы 36 тұраққа қойылған 200 велосипед бар екен. Екі жыл жұмыс істегенде, оларға ештеңе бола қоймапты, бәрі жұмыс істеп тұр, бірақ велосипедтің бір жерлерін жымқырып қалу тіпті ұрлап кету әрекеттері болған.

«Shymkent City Bike» өкілі Мақсат Айдар: «Балалар сындырып кетеді, катафоттар, жапсырмалар және басқа да шағын қосалқы бөлшектер ұрланып жатады. Велосипедтің өзін ұрлау әрекеті де болды. Алдағы уақыттары тағы біраз жаңа велосипедтер келеді деп жоспарлануда, өйткені шын мәнінде таңертең және кешке велосипедтер жетіспей қалып жатыр»,-дейді.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы жаздың басында барлық интернет-жаңалықтар «Шымкенттің әкімі жұмысқа велосипедпен келді!», «Шымкенттің әкімі велосипедтің пайдасына автокөліктен бас тартты» деген хабарларға толы болды. Тақырыптары әртүрлі болғанымен, мағыналары бір болатын. Шымкенттіктер велосипедтерді қабылдайтынына күмән де бар еді. Бірақ барлық қарсы пікірдегілердің ескертулеріне қарамастан, жүйе жұмыс істеп кетті.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 6099 times