Четверг, 28 Июнь 2018 04:36

Ескі көліктерді қайта өңдеуге өткізу бойынша Шымкент көш бастап тұр

Бір жыл бұрын Қазақстанда ескі көліктерді қайта өңдеуге өткізу бағдарламасы басталған-ды. Бұл қаншалықты сәтті болды? Бағдарлама басталғалы өткен 12 ай  ішінде 10 мыңнан астам азамат ескі көліктерін өткізуге және өзімізде құрастырылған жаңа көлік құралын сатып алу үшін жеңілдік алуға мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, ескі көліктерін өткізу жөнінен Шымкент қаласы бірінші орыннан көрінген.

«Оператор РОП» ЖШС 14 632 ескі автокөліктерді қабылдап, жеңілдік сертификаттарына алмастырған. Оның 13 455 сертификаты 7359 қазақстандық автокөлік сатып алу үшін пайдаланылып үлгеріпті. Ескі автокөліктердің ең көбі Шымкенттің қабылдау пунктіне, ең азы Атырау қаласындағы пунктке жеткізілген.Ақшаға айырбастауға (150 мың теңге немесе 48 мың теңге) халық пайдаланудан шығарылған 54 249 автокөлігін өткізсе керек. Төлемдердің жалпы сомасы 8,139 млрд теңгені құрапты.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасындағы ескі көліктерді жинау пункттерінде жалпы саны 68 881 бірлік ескі көліктер қайта өңдеу үшін қабылданған. Қайта өңдеуге жіберілген көліктердің орташа жасы 25 – 30 жылды құрап отыр. Қайта өңдеуге өткізілген ең ескі автокөлік 1946 жылы шыққан «Москвич-400» болса, ең жаңасы 2014 жылы шыққан Lada Granta автокөлігі екен.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 8658 times