Воскресенье, 01 Июль 2018 08:00

Шымкент: депутаттарға шенеуніктер есеп берді

Шымкенттегі Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары қалалық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді. Шенділер атқарған шаруалары жайлы сөйлеуге жан-жақты дайындалып келгенімен, халық қалаулыларының көңілінен шықпаған тұстар да болды. 

102 миллиард теңге. Былтыр шаһар қазынасындағы қаражат көлемі осындай-тын. Әйткенмен жергілікті билік мұның барлығын игеру үлгермепті. 157 миллион теңге сол күйі игерілмей қалған. Неліктен бұлай болғанына депутаттар да қатты алаңдаулы. Ал расына келсек, мұндағы бар гәп мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізудің мерзімінде екен. Ол туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосынов тәптіштеп айтып берді: «Қала мектептеріндегі робототехника курстарын ұйымдастыру үшін білім бөліміне бөлінген қаражатқа мемлекеттік сатып алу конкурсы тым кеш өтті. Жылдың соңына таман. Салдарынан мердігер қажетті техниканы жеткізіп бере алмады. Бұдан бөлек 33 мердігер тиісті мерзімінде тендерлік міндеттерінің үдесінен шыға алмады, сол себепті біз олардың үстінен сотқа шағымданып отырмыз».

Депутаттар есеп беруге келген аудан әкімдерінен халықты ауызсумен, «көгілдір отынмен» қамту мәселелерін сұрады. Ал әңгіме қала ішінде жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктер жұмысының сапасын жақсарту хақында өрбігенде, жауапты шенділер «біз тек ұсыныс береміз» деп еді, ол депутаттардың көңілінен шықпады. «Қарапайым халықтың тағдырына селсоқ қарайтын шенеуніктер ғана тек ұсыныспен шектеледі» де            йді жауапқа қанағаттанбаған халық қалаулылары.

Бұл ретте мәслихат депутаттары өздері сайланған округтердегі тұрғындардың арыз-шағымдарына дер кезінде құлақ түрып, әкімдіктегілерді түйткілдердің түйінін тарқату амалдарын қарастыруға шақырды. Әсіресе, қоқыс полигонына көбірек көңіл бөлу жайы сөз болды. Ескі полигонды жапқанымен, жаңасы талапқа сай келмейтіні айтылды. Соның кесірінен қалың бұқара зардап шегуде. «Мұны арнайы комиссия құрып, қолға алу керек» деп тарқасты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1074 times