Атап айтар болсақ, аудандағы ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бірі «Мөлдір» ЖШС-нің алма бау мен бидай алқабы және «Құлый» магистральды каналының қазіргі жағдайымен танысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Түркібасы әулесінің аумағын аралады.
«Аудан көлемінде 3 077 гектар алма бауы бар. Оның 859 гектары – бұрынғы баулар. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Сол себептен тағы 2 050 гектар алма бауы пайда болды. «Мөлдір» серіктестігінде 110 гектарға алма бау отырғызған одан 500 тонна өнім өндіру көзделуде» дейді Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Абылай Төлепбергенов.
Айта кету керек, «Мөлдір» ЖШС – аудандағы ескі баулар мен жайылымдық жерлерді өндіріске қосу арқасында пайда болған шаруашылық. Айналасы 3 жылда аяғынан нық тұрды. Сенатор игі бастамаға жоғары бағасын беріп, таулы аймақтағы серіктестік, Елбасы айтқандай, «Жеміс фабрикасына» айналғанына көз жеткізді.
Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы соғылып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысына тоқталды. Бұл ретте «2016 жылы бізде 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, қазір тұрғындар 96 пәтерде тұрып жатыр. Одан бөлек 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 320 пәтер, оның 128-ін осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Қалғанын ендігі жылдан қалдырмай пайдалануға беріледі» деді Түлкібас аудандық құрылыс-сәулет бөлімі басшысының орынбасары Елдос Әзімбекұлы.
Сенат депутаты аудан аумағынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізінің Шақпақ ауылындағы тунельдің құрылысының жұмыс барысымен де танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. «Қазақстан Парламентінің іс-жоспарына байланысты, жазғы айларда депутаттар елді мекендерге барып, қазіргі қабылданған заңдармен жұмыс істеу барысымен, халықтың тұрмысымен танысуда. Мен Түлкібас ауданының тынысымен таныстым. Болашақта қандай істер атқарылатындығымен таныстырдым. Ауданның тарихы ерекше, биыл ауданның 90 жылдығы, атқарылған жұмыстарды қуанышпен айтуға болады» дейді Асқар Бейсенбаев.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.