Четверг, 23 Август 2018 03:45

Түркістан облысы: Мәжіліс депутаты Созақ ауданының ахуалымен танысты

Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Берік Серікұлы Оспанов арнайы іссапармен Созақ ауданында болды. Халық қалаулысы өз сапарын Созақ ауылында облыстық бюджет есебінен салынып жатқан 1 колледж ғимараттарының құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. 

Қазіргі танда қарқынды әрі сапалы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына оң бағасын берген Берік Серікұлы Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілгендей, колледждің жатақханасы құрылысын жүргізуді кешеуілдетпеу қажет екендігіне тоқталды. Өз кезегінде аудан әкімі, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының төрағасы Салыхан Полатов келесі жылға өтпелі құрылыс өз кезеңінде тапсырылып, ел игілігіне қызмет ететінін атап өтті. Колледж директоры Бақдәулет Қордашбеков депутатқа колледж ғимараттарының аралығын кесіп өтетін автокөлік жолын заң талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.

Мұнан соң Б.Оспанов Сызған ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдық клуб ғимаратына жиналған халықпен кездесу жиынын аудан әкімі С.Полатов ашып, жүргізіп отырды. Депутат тұрғындарды қазіргі таңда еліміздін заң шығарушы органында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Әсіресе, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде жер реформасы мәселесі бойынша құрылған Ұлттық комиссияның күн тәртібінде талқыланып жатқан, қабылданып жатқан шешімдер жайлы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Маханбет Шоңбаев, ауыл тұрғыны Байзақ Таңатаров, жастар атынан Мәди Маханбетов, шаруа қожалықтарының өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 

Мәжіліс депутатының ауданға іссапарына аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, Созақ, Сызған ауылдық округтерінің әкімдері Байзақ Әмет, Серік Маманов, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов қатысып отырды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 919 times