Пятница, 21 Сентябрь 2018 05:33

Түркістан облысы: 1 тонна мақтаға 10 мың теңге субсидия беріледі

Биылғы жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 12 шілдедегі № 297 бұйрығына сәйкес, мақта өңдеу кәсіпорындарына тапсырылған 1 тонна өніміне 10 мың теңге субсидия төлеу жоспарлануда. Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев ауыл округтерінің әкімдеріне халық арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Нақтырақ айтсақ, аудандағы шаруа қожалықтарын егістік жерлерін қайта тіркеп, электронды картаға енгізу шараларына жаппай жұмылдыру жүктелуде. Бұл шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге қысқа мерзімде қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Осы және өзге де өзекті мәселелер Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаевтың Атамекен ауыл округі халқымен кездесуінде әңгімеге арқау болды. 

Жалпы Атамекен ауыл округінде 8393 гектар егістік жер бар. Соның 5621 гектарына мақта егілсе, 587 гектарына көкөніс, 1118 гектарына бақша, 70 гектарына жоңышқа, 5 гектарына картоп егілген. Биылғы жылдың 8 айында 934 шаруа қожалығына 1300 тонна минералды тыңайтқыш пен 170 тонна жанар-жағармай үлестіріліп берілген. Атамекен ауылдық округінде ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру бойынша 833 мемлекеттік акт электронды картаға еніпті. Яғни, 5402 гектар алқап министрліктің талабы бойынша қайта құжаттанған. Осының есебінен биыл округтегі 18 шаруа қожалығы «Ырыс» микро қаржы ұйымынан жеңілдетілген пайызбен 22 млн 840 мың теңге несие алған. 

Кездесу барысында аудан әкімі жергілікті тұрғындарды мазалап жүрген мәселелер жөнінде қойған сауалдарына жауап беріп, округ басшылығына ауыз су, жарық, жол, газ тарту мақсатында жоба әзірлеп, сметалық құжат дайындауға нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында сөз алған Жетісай аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев округ тұрғындарын қылмыстың алдын алу, мақта теру науқанында жол ережелерін сақтау, шетел азаматтарын жұмысқа тарту, мал ұрлығының жолын кесу мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 825 times