Вторник, 16 Октябрь 2018 16:40

Түркістан облысы: Шардарада күріш жиналып жатыр

Қазанның басында Шардара ауданы бойынша егілген 1115 гектар күріштік алқапқа орақ түсіп, оның 530 гектары жиналып үлгерді. Диқандар қырманына 3720 тонна күріш салысы жиналды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша күріштің орташа өнімділігі гектарына 70,2 центнерден айналып жатыр. 

Орақ соңына дейін өнімділік көлемі тағы да арта түспек. Әдеттегідей Ұзын ата ауылының диқандары да күріш орағына белсене кірісіп кеткен. 20 гектар күріштік алқабының жартысына жуығын орып үлгерген Мәселен, «Айткүл – Атақоныс» фермерлік шаруашылығының төрағасы, ауыл биі Рахымберді Айтмырзаев пен осы ауылдың ауылшаруашылығы саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ел ағалары Пердебай Қаппаров, Мұрат Нұрпейісов, бүгінгі таңда «Қазмақта» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інің аудандық филиалының бас агрономы Жұмахан Дүйсенов сынды азаматтар иіліп тұрған күріш масақтарын аялай сипап, бітік шыққан дәндеріне сүйсіне қарайды.

– Бұл – «Мұстахиллик» деген Өзбекстанның сорты. Кезінде ауылымыздың басшысы, майталман күрішші Нартай Сапаров ағамыз арнайы барып, Тәшкендегі ғылыми-зерттеу институтынан 2-3 тұқым сортын әкелген еді, – дейді Жұмахан Дүйсенов. – Тәжірибе ретінде әкелген сол тұқымдардың ішінен осы сорт біздің өңірге тез жерсініп кетті. Өнімділігі жақсы, біздің табиғатымызға бейім болғандықтан, «Мұстахиллик» тұқымын көбейтіп, жаппай пайдалануға көштік. 125-130 күнде пісетін бұл сорттың өнімділігін 90 центнрден айналдырып, Одақ бойынша атымыз шығып, дүркіреген кездерді қалай ұмытамыз...
Кеңестік кезеңде Ұзын ата ауылында 3-3,5 мың гектар алқапқа күріш егілген. Кейін жекешелендіру басталып, әркім өз бетінше күн көріп кеткен соң бұл дақылды егушілер де күрт азайып кеткені белгілі. Енді соңғы 4-5 жыл бедерінде күрішке қайта ден қоюшылар қатары көбейіп келеді. Қожалық төрағасы Рахымберді Айтмырзаевтың айтуынша бұл ауылдағы күріш экологиялық жағынан ең таза күріштердің қатарынан саналған.

– Ұмытпасам, 1988 жылдары болса керек, кеңшар директорының тікелей бастамасымен халыққа таза өнім ұсынамыз деп 500 гектарға ешқандай гербицид пайдаланбай күріш тұқымын өсіруге кірістік. Сол кезде біздің күрішіміз экологиялқ таза күріш болып танылды. Оған мемлекеттен қолдау ретінде 20-30 пайыздай үстеме ақы төленетін. Яғни, біздің шаруашылықта өсірген күріштің бағасы өзге аймақта өсірілген күріштен қымбат жүретін еді. Мен сол тәсіл бойынша қазір де гербицидсіз өнім өндіріп келемін. Экологиялық таза өнім ретінде бұған мемлекет тарапынан баяғыдағыдай жеңілдіктер берілу жағын қарастыруымыз керек. Сонда ауданымызда күрішпен шұғылданушылар қатары молая түсері сөзсіз, – дейді Рахымберді Айтмырзаев. 

42 жыл ауылда жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке жуырда ғана шыққан Мұрат Нұрпейісов жергілікті күріштің басқа аймақтағы күріштерге қарағанда бірнеше есе артықшылығы барын аудан мен облыстарда өткен жиындарда нақты дәлелдермен айтып жүрген білікті маманның бірі. Әу баста күріш өсіруге жер танаптарын арнайы дайындаған аудандағы 6 кеңшардың бірі осы Ұзын ата ауылы. Сол жер танаптары ауылда сол күйі сақталып тұр, күріш өсіруге дағдыланған кәнігі диқандар да көп. Су тас төбеден құйылып тұр, ауа-райы күріш өсіруге аса қолайлы.

– Шардараның күріші басқа облыс пен республикаларда өсіріліп жатқан күріштерден әлдеқайда сапалы екенін шаршамай айтып келемін. Былтыр облыста өткен бір жиында тек Шардара ауданының өзінен 1000 тонна күріш шетелге экспортқа шығарылғанын басшылар айтып өтті. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бойынша да күріштің пайдасы көп. Бұл дақылды еккен жерге арамшөп шықпайды, күріштен кейін оның орнына егілген кез-келген дақылдың өнімділігі бұрынғыдан әлдеқайда артық болатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Ұзын ата ауылында биылғы жылы 180 гектар жерге күріш егілді. Баяғы кәсіпті жалғастырып келе жатқан Рахымберді замандасымызға рахмет айтамыз, – деді Мұрат Нұрпейісов.

Қазіргі ауа райының шаруаларға қарасып тұрғанын айтқан Рахымберді Айтмырзаев осы бір жақсы кезді пайдаланып, өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу үшін бар күшті жұмсау керек дейді. Биылғы гектар түсімі де ойдағыдай – 75-80 центнерден айналып отыр. Былтыр 26 гектарға еккен күріш салысын көрші Алатау батыр ауылындағы белгілі кәсіпкер Ержан Қарабаевтың диірменінде тартқызыпты. Алынған өнімнің 40 пайызын қолжетімді бағамен, яғни 150 теңгеден аудан көлеміне сатылымға шығарса, қалған 60 пайызы Ауғанстан мемлекетіне экспортқа шығарылған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 916 times