Воскресенье, 21 Октябрь 2018 05:40

Түркістан облысында егістіктік көлемі 800 мың гектардан асқан

Түркістан облысындағы егістік жердің көлемі 807,4 мың гектарға жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 798,4 мың болғанын ескерсек, 9 мың гектарға артқанын аңғаруға болады. Мұндай жетістікке «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жетіп отырмыз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

Оның пікірінше, облыста өндірілген өнім көлемінің 10-12 пайыз ал аудан қала бойынша өндірілген өнімнің 30-35 пайыз ауыл шаруашылығы саласы қамтамасыз етіп отыр. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту жөнінде нақты міндеттер қойып отыр. Осы ретте аталған саладағы өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Мәселен, биыл масақты дәнді дақылдар егіс көлемі 23 мың гектарға артып 227 мыңға, дәндік жүгері 7 мың гектарға артып 44,3 мыңға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 7,5 мың гектарға артып 114 мың гектарға жетіп отыр», – деді Нұрбек Бадырақов.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан 1 литрі 158 теңгеден 40,2 мың тонна жанар-жағар май бөлінген. Бүгінге дейін оның 28,7 мың тоннасы нарықтағы бағадан 27 теңгеге арзандатылып агроқұрылымдарға босатылған. Одан бөлек, 50 пайыз жеңілдікпен агроқұрылымдарға 80 мың тонна минералды тыңайтқыштар бөлініп, оның 75 мың тоннасы шаруаларға үлестірілген. Айта кетсек, биылғы жылы ауа райының қуаңшылық болғанына қарамастан, дихандардың еселі еңбегінің арқасында масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім жиналған.

Қазіргі таңда күріштен басқа дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталған. Күріш 65 пайызы орылып, ақмаржан тоннасы 12 мыңға жеткен. Мақсарының әр гектарынан 9,8 центнерден, жалпы 91,5 мың тонна өнім орылған. Мақта дақылының гектар түсімділігі 25 центнерден, барлығы 332 мың тонна шитті мақта жинау межеленіп, бүгінгі күнге 195,5 мың тонна мақта жиналды. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,8 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Оның ішінде, 500 мың тоннаға жуық өнімдер Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 894 times