Четверг, 25 Октябрь 2018 05:59

Биыл Түркістанға 8 айда 900 мың турист келген

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан шаһарына саяхат үшін келетін туристер саны артып келеді. Тарихи орынды қызықтау және зиярат етуге келгендер саны былтыр 1 миллион болса, биылғы 8 айдың өзінде олардың қатары 900 мыңға жетіп отыр. Бұл ең әуелі аймақта саяхатшыларға қызмет көрсету сапасының артқаны, сонан соң қатынас жолының жақсарғанын дәлелдейді.

Тек биылдың өзінде Түркістанға 32 мыңнан астам шетелдік саяхаттау үшін келген. Мамандардың айтуынша, оларды көбіне Ұлы Жібек жолы бойындағы Сауран, Сидақ, Қараспан, Күлтөбе, Отырар қалашығы секілді тарихи орындар қызықтырады. Ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізге қаныққысы келетін туристер де көп.Саяхатшылар санының артуы Түркістанда шағын және орта кәсіпкерліктің жандануына түрткі болды. Бүгінде облыс орталығында 11 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны саяхатшыларға қызмет көрсетеді. Өңірлік өнімнің 58 пайызы туризм мен қызмет көрсету саласының үлесінде. Былтыр қала қазынасына туризмнен 3 миллиард 700 миллион теңге пайда түскен.

Шаһардың туристік әлеуетін жақсарту мақсатында Ясауи кесенесі жанынан қолөнершілер орталығы ашылған. Мұнда ісмері мен зергері бар, ағаш және темір ұстасы секілді 20-дан астам шебер жұмыс істейді. Түркістанға сапарлап келген әрбір жан шеберлердің бұл еңбегін көріп, қызықтай алады. Көңілге жақса сатып алады. Сондай-ақ, жаңадан салынған зияратшылар орталығында 200 адамның ас ішіп, тынығып түнеп шығуына барлық жағдай жасалып отыр.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 806 times