Среда, 07 Ноябрь 2018 06:31

Отырарда туристік кластерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген

Отырар ауданындағы зейнеткер және әр түрлі сала өкілдерінен құрылған Қоғамдық кеңес аймақтың түрлі әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық ахуалына белсенді араласып, өміршеңдігін танытуда. Ауданның тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын ақылдастар алқасы әкімдіктің арнайы ұсынымен түрлі шешімдерді қабылдаудан бұрын талқылауға да мүдделі.

Таяуда Қоғамдық кеңестің кезекті көшпелі отырысы аудан орталығына шалғай орналасқан Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауыл округі әкімдерінің 2018 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есептерін тыңдауға арналды. Аталған ауылдық округтердің жұмыс қарқынында оң серпілістер бар. Ауыл және мал шаруашылығын дамыту, табыс көлемін ұлғайту, жұмыспен қамту, салық түсімін арттыру мәселелеріне егжей-тегжейлі мән берген комиссия мүшелері алдағы жоспарлар жөнінде де ой бөлісті.

Мәселен, Аққұм ауыл округінің әкімі Серік Әлшері есепті баяндамасында шаруалардың су тапшылығына қарамастан 4301 гектар жерге түрлі дақылдар егіп, өнім алғанын жеткізді. Ауылдық округте ірі қара және қой саны жыл санап арта бастаса, мал азығын дайындау ісі 109,3 пайызға артығымен орындалған. Ал, халқы ең тығыз қоныстанған Көксарай ауыл округінде мал басының барлық түрінен өсім артып, «Сыбаға» — 100 пайыз,  «Құлан» — 105 пайыз, «Алтын асық» 101 пайызға артығымен орындалыпты.
«Өткен жылмен салыстырғанда мал шаруашылығымен қоса егіс көлемі де 793 гектарға ұлғайып, «Құдайберген» каналына 2 дана насос қою арқылы 400 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етуге қол жеткіздік»,-дейді  Көксарай ауыл округінің әкімі Әбдірахмен Мәуленқұл.

Ал, Балтакөл ауыл округінің әкімі Жасұзақ Тәукебаев салық түсімдерінің барлық түрлерінен жоспарды артығымен орындап,  өткен жылмен салыстырғанда 366 гектар суармалы жерді айналымға енгізіп, егіс көлемі 110,3 пайызға артқанын баяндады. «Сондай-ақ, ауылдық округте 5 тары цехы өнімді еңбек етуде. Ауылдарды абаттандыру жұмыстары аясында «Шатқал» іс-шаралар жоспарына сәйкес 12 гектар жерге 5040 түп түрлі көшеттер отырғызылып, алдағы күндері қосымша 3 гектар аумаққа ағаш көшеттері отырғызылады», дейді округ басшысы.

Маяқұм ауыл округінің әкімі Берікбай Имановтың айтуынша,  округте жоспарға сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл 3140 гектар жерге түрен салынып, түрлі дақылдар егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113 пайызға артық. Сонымен қатар, Маяқұм ауылынан шыққан 9 Социалистік Еңбек Ері, 186 ҰОС қатысушылар мен тылда еңбек еткендерге, ауылдан шыққан ақындар және қоғам қайраткерлерінің құрметіне  «Ардагерлер» саябағы салынған. Аталған жұмыстарға бюджет қаржысынан бөлек, ауыл кәсіпкерлері де қол ұшын созып, демеушілік жасағанын жеткізді.

Мал басы артып, жылыжай өндірісі  жолға қойылған ауыл округінде туристік кластерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Демеушілер есебінен «Оқсыз» қалашығына келуші  туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында  біршама жоспарлар қолға алынуда. Яғни, автокөлік және аяқ жолдар мен автотұрақ салып, абаттандыру қажеттігін тілге тиек еткен ауыл әкімі келер жылы «Қостерек» елдімекенінде ауыз су мәселесі толық шешім табатынын да атап өтті.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 667 times