Четверг, 08 Ноябрь 2018 08:55

Түркістан облысы: Теріскейде инфрақұрылымға ерекше назар аударылуда

Созақ ауданының 90 жылдығы қарсаңында көптеген әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілуде. Инфрақұрылым тарту жұмыстары да – жергілікті биліктің басты назарында. Жуырда Созақтағы 6 ауылдың көшесі жарықтандырылды. Сөйтіп, мерейтой қрсаңында ауыл тұрғындары қуанышқа кенелді. 

Жуырда  Шолаққорған тұрғындары  тағы бір қуанышқа кенелді. Аудандағы орталық көшелер жарықтандырылып, самаладай нұр шашты. Атап айтсақ,  Сұлтанбек Қожанов және Сабит Мұқанов көшесінің қос қапталына бірдей жарық орнатылды. Оның жалпы ұзындығы  18 шақырымды құрайды.  Бұл жарықтар энергия қуатын аз тұтынып, тұрғындарының кеш мезгілінде қолайлы жүріп тұруына жағдай жасайды.

«Мұндай игілікті іс тек аудан орталығында ғана емес,  одан өзге  бірнеше  елді мекенде атқарылды.  Жартытөбе,  Қызылкөл, Сызған және Жуантөбе мен Қозмолдақ ауылдарының негізгі көшелеріне бағандар қойылды» дейді «Созақ сәулет» МКК басшысы Берік Әлтеков.

Айта кетерлігі, мұның бәрі аудан бюджетінен қаржыландырылып отыр. Есебін тауып, ел игілігіне ұсынылған бұл іске тұрғындар дән риза. Әсіресе, бұған мектепке ерте барып, кеш қайтатын оқушылардың қуанышы шексіз.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 635 times