Суббота, 17 Ноябрь 2018 07:00

Ж.Түймебаев Түркістан облысын дамытуға бағытталған жобаларды қолдауға әзір екенін мәлімдеді

Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының арасындағы өңіраралық бірінші ынтымақтастық форумы болып өтті. Қос мемлекеттің делегацияларын Бірінші Премьер-Министрлер Асқар Мамин мен Ачилбай Раматов бастады. Ал форумның басты тақырыбы - шекара маңындағы сауда-саттық пен инвестициялық және экономикалық қатынастарды дамыту. Форум барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде, Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтары мен өңірлері арасында өзара тиімді және практикалық ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін талқылады. Бұдан басқа, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға, екі елдің экспорттық əлеуетін ұлғайтуға назар аударылды.

Сонымен қатар, форумда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен берік байланыстарды, достық қарым-қатынасты қалыптастыруға тағы бір қадам екенін атап өтті. «Осы жылды Президентіміз Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялады. Бұл біздің халықтарымыздың бауырластық қарым-қатынасын тағы да дәлелдейді. Бізді Өзбекстанмен тығыз көпғасырлық тату көршілік түйіндері, мәдениет ортақтығы, дәстүр және стратегиялық әріптестіктің көпжылдық тарихы байланыстырады. Соңғы жылы екі жақты сауда көлемі 30% - ға артып, 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Елбасыларымыз осы жылғы тауар айналымын 3 млрд. АҚШ долларына дейін өсіріп, 2020 жылға қарай мұның көлемін 5 млрд. АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Өздеріңіз білетіндей, биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Орталығы Түркістан шаһары талай ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен бүкіл түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегі болды. Қазақстан Президенті Түркістанның дамуына айрықша көңіл бөледі. Бүгінде Түркістан облысы - қуатты экономикалық әлеуеті бар қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Өңірдің іскерлік климаты жергілікті кәсіпкерлер үшін де, шетелдік инвесторлар үшін де тартымды. Түркістанда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда инвесторларға артықшылықтар мен жеңілдіктер қарастырылған. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерді біздің 1500 жылдық тарихы бар ежелгі елордамыз - Түркістанды жаңғыртуға шақырамын. Біз облысымызды дамытуға бағытталған кез келген жобаны жан-жақты қолдауға әзірміз. Бұл форум тиімді алаңға қызмет етіп, жаңа іскерлік байланыстарды орнату үшін жаңа серпін беретініне сенімдімін!», - деді Ж.Түймебаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы бүгінгі таңда Түркістан облысының экономикасын дамытудың негізгі драйвері болып табылатын үш басым бағыт айқындалғанын атап өтті. Оның біріншісі - туризмді дамыту болса, екіншісі - агроөнеркəсіптік кешенді қолдау және үшінші басымдық - логистика және транзиттік әлеует болып отыр. Айта кету қажет, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 2 млрд. АҚШ долларын құраса, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 31,2% - ға өсті. Қазақстанның Өзбекстанға экспорттаған тауары 2017 жылы 1,3 млрд. АҚШ долларын құрап, 35% - ға ұлғайды. Ал Өзбекстаннан Қазақстанға импортталған тауарлар көлемі 735,2 млн. АҚШ долларын құрап, 25,1% - ға артты. Кездесуге қатысушылар бүгінгі форумның тиімді және жемісті ынтымақтастықтың жалғасы болатынына сенім білдірді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 749 times