Понедельник, 26 Ноябрь 2018 13:52

Түркістан облысында мақта өңдейтін зауыт жаңғыртылды

Мақтаарал ауданындағы мақта өңдеу зауыты сандық технологияның игілігін көріп отыр. ТМД-да теңдесі жоқ саналатын кәсіпорын АҚШ-тың заманауи технологиялық құрал-жабдықтарымен қамтылған. 

Шитті мақтаны терең өңдеп, дайын талшық өндіретін зауыт Шымкенттегі мата шығаратын екі комбинатты дайын өніммен қамтамасыз етіп отыр. «Ақ алтынның» отаны саналатын Мақтаарал ауданында мақта өндіретін 6 кәсіпорын бар. Солардың ішіндегі мақта талшығын терең өңдейтін іргелі өндіріс орындарының бірі – осы «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты. Алып кәсіпорын 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағының аудандардағы мақта қабылдау пункттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. АҚШ-тың соңғы үлгідегі жаңа технологиясымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды. Бірақ шикізаттың жетіспеушілігіне байланысты жылына 35 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Алайда соған қарамастан басқа зауыттармен салыстырғанда еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары. Оған сандық технологияның арқасында қол жеткізіпті.

Зауыт директоры Ермахан Жабуов «Заманауи технология болғаннан кейін барлығы автоматты түрде жұмыс істейді. Зауыттың қосылуын, өшірілуін – бәрін автоматты түрде бір адам басқарады. Бұрынғы зауытта цехтың барлығы бөлек-бөлек болатын болса, бұнда цехтың бәрі бір жерде. Мақтаны тазалау, кептіру, талшығы мен шитінен ажырату, престеу – бәрі бір жерде болады» дейді.

Осының нәтижесінде талшықтың шығуы 30 пайызға артып, сапасы жоғарылаған. Ал мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарыпты. Сонымен қатар электр қуатын да 25-30 пайызға үнемдеп үлгерген. Шитті мақтаны терең өңдеп, дайын талшық өндіретін кәсіпорын қазір Шымкенттегі мата шығаратын екі комбинатты дайын өніммен жартылай қамтамасыз етіп отыр. «Егер шикізат қоры жеткілікті болса, толық қамтуға қауқарымыз жетеді», – дейді зауыт мамандары.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 761 times