Аумағы 7 гектар болатын алқапта жылына екі рет өнім жиналады. Алғашқы көшет ақпан айында отырғызылып, оның өнімі мамыр-маусым айларында жиналады. Екінші рет тамызда қайта егіліп, қазан мен қараша айларында жиын-терім жұмыстары басталады. Қызанақ жинаудың да жұртшылық біле бермейтін өзіндік ережелері мен талаптары бар.
Қазір мұнда 40-қа жуық қыз-келіншек терім жұмысына қатысуда. Олардың алды күніне 50-ден 100 қорапқа дейін өнім жинайды. Қазір бұл жылыжайда қызанақ теру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осындағы мамандардың айтуынша, әрбір түптен 7-8, тіпті 10 кг дейін өнім алуға болады. Жиналған дайын өнім қораптарға салынып, қоймаға жеткізіледі. Жаңа технологияға иек артқан диқандар оның игілігін де көре бастапты. Қазір 1 гектардан 100 тонна өнім жинауда. Демек, 7 гектардан 700 тонна қызанақ теріледі. Сонда жылына 1400 тонна өнім алынады. Дайын өнімнің 70 пайызы еліміздің өзге облыстарына жөнелтілсе, қалған 30 пайызы ресейге экспортталады. Қазір жылыжай ішіндегі ауа бірқалыпты температураны ұстап тұрады. Егер шамадан тыс ыси бастаса, автоматты жүйе бірден іске қосылып, жылыжай терезелері ашылады.
Жалпы, облыстағы жылыжайлардың 55 пайызы осы Сарыағаш ауданына тиесілі. Ал республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысының аумағында орналасқанын ескерсек, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттыруға толық мүмкіндік бар.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.