Аудан басшысының айтуынша, алдағы жылы индустриялды аймақта іске қосылатын жобалардың арасында жалпы құны 602,7 млн. теңгені құрайтын құрғақ сүт және сары май өндіретін «Асыл бастау KZ» ЖШС-і, құны 125 млн. теңгелік «Ақ-ниет 5» ӨК-нің «Темір бетон өнімдері» жобасы және құны 112,7 млн. теңге құрайтын «КН экспорт 777» ЖШС-нің «Жиһаз шығару» жобасы бар.
«Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік саласы тұрақты түрде дамуда. Дамудың жарқын көрінісі ретінде «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау» бағдарламасынан тыс жалпы құны 135 млн. теңгелік 2 жоба іске қосылғанын айтуға болады. Олар: «Қазығұрт айна» ЖШС-ның сұйық шыны өндірісі – 85 млн. теңге, «UNIFRUTTI GOLD» ЖШС-ның жемістер мен көкөністерді өңдеу арқылы диеталық пюрелер шығару өндірісі – 50 млн. теңге. Өнеркәсіп саласындағы жетістіктер жыл басында жоспарланған нәтижеге сай орындалуда. Аудан көлемінде бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 18 кәсіпорын бар. Ағымдағы жылдың 10 айында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарында 5 млрд. 633 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,9 пайызды құрады», - деді Төлеген Тұртайұлы.
Қазығұрт ауданында қазіргі таңда 94 шағын жоба іске қосылып, 405 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан өзге, шағын және орта кәсіпкерлер саны 8226-ға жетіп, 114,6 пайызға өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында қаржы ұйымдарынан 2018 жылдың 10 айында 4565 тұлғаға 2414,8 млн. теңге несие берілді. Негізгі басым бағыты – ауыл шаруашылық саласы бойынша.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»