Бәйдібек – ауыл шаруашылығына қолайлы аудан. Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Дегенмен төрт түліктің азығын баптауда кемшілік жоқ емес. Әсіресе, жайылым жерлердің жағдайы сын көтемейді. Осыны ескерген жергілікті билік 100 гектар аумаққа құны 50 миллион теңгені құрайтын электрлі қоршау орнатқан. «Бұл елімізде бірінші болып біздің ауданда қолға алынып отыр. Тиімділігі орасан. Сондықтан өз нәтижесін беретініне сенімдімін» дейдіБәйдібек ауданының әкімі Бақтыбек Танагөзов.
Бұл жоба Оңтүстік-батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп қолға алыныпты. Мамандар 50 гектардан екіге бөлінген аумақтың біріне мал жіберіп, екіншісін 20 күнге дейін сақтау арқылы жер құнарлығын арттырып отыр.
Бұл жөнінде Оңтүстік-батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Жәнібек Паржанов «Бұл жоба аясында цифрлық даму бағыты да қолға алынған. Дрондар ұшырылады. ЖПС орнатылған. Сондай-ақ электронды-компьютерлі ауыспалы дамыту жайы да қадағаланады» дейді.
«Агро Логистик» шаруа қожалығының еншісінде 1,5 мың гектер жайылым жер бар. Қазір қоршауға алынған аумақта 1500 бас мал жайылуда. Оның 120-сы – ірі қара. Жергілікті әкімдіктің ықпалымен қолға алынған тың бастама атадан балаға мирас болған жер ананың қуаттылығын сақтап, қуаңшылықтан қорғауға зор мүмкіндік болмақ.
«Бұл жерді біз 10 жылдан бері дамытып отырмыз. Жаңадан қолға алынған тәсіл, әрине, жақсы. Қуанып отырмыз. Өйткені қуаңшылық деген мал бағушыларға қиындық тудырады. Осындай жоба барлық жерде қолға алынса, мал шаруашылығы қарқынды дамиды деп біз ойлаймыз» дейді «Агро Логистик» шаруа қожалығының төрағасыБіржан Елтаев.
Ауыспалы жайылым жерді дамыту өсімдік шаруашылығын көркейтуге оң әсерін тигізеді. Сондықтан сала мамандары дәл осындай жобаларды Түркістан облысының өзге аумақтарына да ендіруді жоспарлап отыр. Ол ең алдымен шаруалар ісінің шарықтауына мүмкіндік бермек.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.