Среда, 10 Апрель 2019 09:04

Шардара ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау бойынша көш бастап тұр

Кез келген ауданның айнасы – бюджеті екенін ескерсек,  халықтың әл-ауқатының артуы – бірінші кезекте аудан бюджетімен тікелей байланысты екені белгілі. 2017 жылы Шардара ауданында бюджетке 2 миллиард 301 миллион теңге түскен болса, 2018 жылы 3 миллиард 823,1 миллион теңге түсіп, 2017 жылмен салыстырғанда 166,1 пайызға артығымен орындалған. Бұл дегеніңіз қазынаға 1 миллиард 521,9 миллион теңге артығымен түсіп отыр деген сөз.

Шардара өңіріне инвестиция тарту жұмысы күн тәртібінен түскен емес. 2018 жылы ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 23 миллиард 156,2 миллион теңгені құрады. Оның ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2 миллиард 384,6 миллион теңге, қарыз қаражаттар есебінен 3 миллиард 631,6 миллион теңге салынды. Өткен жылы кәсіпкерлік және басқа да жекеменшік нысандардың іске қосылуы есебінен тартылған инвестиция көлемі 17 миллиард 35,9 миллион теңге болып, бұрынғы жылмен салыстырғанда 5,1 есеге артып отыр.

Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше құрылыс жұмыстары жүргізілді. Индустрияландыру картасы шеңберінде «Бәйтерек ББМ» ЖШС-нің балық өңдеу зауытының жұмысы толықтай аяқталып отыр. Бұл өндіріс орнына 200 миллион теңге инвестиция тартылып, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, жаңадан 2 мақта өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның біреуі – қаладағы индустриалды аймақтан бой көтеріп жатқан «Ай қажы – Ақалтын» ЖШС-нің мақта өңдеу зауыты. Бұл зауытта жылына 20 мың тоннаға дейін мақта шикізатын өңдейтін болады. Жалпы құны 896 миллион теңгеге салынып жатқан зауытта 130-ға жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Екіншісі – Алатау батыр ауылында орналасқан қазақ-сингапур бірлескен мақта өңдеу зауыты. Бұл орында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда сынама түрінде іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 10 миллион АҚШ долларына салынып жатқан бұл зауыт жылына 50 мың тонна мақта өңдеп, 150 адамды жұмыспен қамтымақ.

Шардара ауданының негізгі көрсеткішін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Есепті кезеңде 29 миллиард 336,6 миллион теңгенің ауыл шарушылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 105,5 пайызды құраған. Былтыр аудандағы 64000 гектар суармалы жердің 59300 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, шаруа қожалық иелері ойдағыдай өнім алды деп айтуға болады. Атап айтар болсақ, 24 мың 517 гектарға егілген  қозалықтың әр гектарынан орташа 26,2 центнерден өнім алынып, қырманға 64 мың 350 тонна мақта жиналды. Сол сияқты 1115 гектарға себілген күріш дақылының өнімділігі гектарына 71,1 центнерді құрап, қамбаға 7930 тонна күріш жиналды. Мұнан басқа да бидай, арпа, жүгері, бақша, көкөніс дақылдарынан мол өнім алынды.

Мал шаруашылығы бойынша да ауыз толтырып айтатын көрсеткіштерге қол жеткен. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1050 бас ірі қара мал алу жоспарланып, нақты 1470 бас сатып алынған. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2770 бас уақ мал алу тапсырмасы беріліп, тапсырма 3350 басқа орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 375 бас жылқы алу тапсырмасы беріліп, тапсырма 390 басқа орындалды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы елімізде ет экспортын арттыруға баса назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта ауданда мал бордақылау алаңдарын ашу жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын атап өту керек. Өткен жылы 163 бірлік мал бордақылау алаңдарын салу тапсырмасы 170 бірлікке орындалды. Шағын отбасылық фермалар құру тапсырмасы 25 бірлік болса, одан орындалғаны 29 бірлік болып отыр.

Аудан әкімдігі тарапынан ұтымды ұйымдастырудың нәтижесінде шардаралық шаруалар мол табыстарға қол жеткізді. Облыста өткізілген  ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз»  мерекесінде Шардара ауданы озаттардың қатарынан орын алды. Атап айтар болсақ, Шардара ауданы «Агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін озат орындаған аудан» номинациясы бойынша І орынды және «Ірі қара мал басын асылдандыру бойынша озат аудан» номинациясы бойынша да І орынды иеленді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша аудандардың арасынан Шардара ауданының әкімдігіне «Кәсіпкерлікті қолдау бойынша жылдың үздік әкімдігі» номинациясы берілді. Сондай-ақ, «Жылдың үздік агрономы», «Жылдың үздік экспорттаушысы» номинацияларымен де шардаралық азаматтар  марапатталды.

Білім саласы бойынша айтып өтсек. 2017-2018 оқу жылында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге  аудан бойынша жалпы 796 түлек  қатысып, бақ сынады. Қатысу деңгейі 71,1 пайызды құрады.  ҰБТ қорытындысы бойынша орта  балл 80,31 балды құрап, өткен оқу жылмен салыстырғанда 7,91 балға артты. 2018 жылдың желтоқсан айында қаладағы М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде IT орталық ашылып, өз жұмысын бастады. «Нұр Отан» партиясының жобасымен жүзеге асып отырған мұндай орталықты ашудағы мақсат – Елбасы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» - цифрлық технологияны терең меңгеру.  Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін қолға алынған осынау бағдарлама қоғамнан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Ол үшін азаматтардың IT сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндеті тұр. Балаларға арналған тегін IT сыныбында 3-8-сынып аралығындағы оқушылар  еуропалық білім беру стандарты негізінде, факультативті пән ретінде тереңдетілген білім алатын болады. Білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ескерсек, бұл міндетті жүзеге асыруда IT сыныптан үлкен көмек болмақ.

2018 жылы – Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесін қазақстандықтармен бірге шардаралықтар да өз деңгейінде атап өтті. Осынау мерейлі датаға орай аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың ұйымдастыруымен шардаралық ардагерлер Астана қаласына тегін саяхаттап келді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтің бастап баруымен зейнет жасындағы құрылысшылар, ұстаздар мен дәрігерлер, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері екі күн бойына ару қаланы тамашалап, күн санап көркейіп келе жатқан Астанадан мол әсермен оралды.

2018 жылы жалпы құны 579,1 миллион теңгеге 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы 4-ші шағынауданның І кезеңіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы аяқталды. Тұрғындарды баспанамен қамту бойынша сметалық құны 822,1 миллион теңгені құрайтын Шардара қаласындағы Астана және Әл-Фараби көшелерінің бойынан 4 қабатты, 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыстары жүргізіліп, ағымдағы жылға өтпелі болып отыр. Білім саласында екі мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, қаладағы Мұнай база ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте конкурстық құны 215 миллион 477,9 мың теңгеге бағаланған 60 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, №14 Бекет ауылындағы Аманкелді Иманов атындағы жалпы орта мектебіне сметалық құны 936 миллион 351 мың теңгеге қосымша 300 орындық жаңа мектеп ғимараты тұрғызылып жатыр. 

Құрылыс жұмыстары басқа салаларда да қарқынды жүргізілді деп айтар едік. Былтыр қала аумағында қызметтік үлгідегі 2 қабатты, 10 пәтерлі 2 тұрғын үй, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 2 қабатты, 10 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп, аяқталды. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында 2018 жылы денсаулық сақтау  жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөнінде перспективалық жобаларды іске асыру қолға алынды. Шардара қаласында 1 миллиард 600 мың теңгеге екі қабатты, 150 орындық заманауи үлгідегі емхана ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауданда тұңғыш мәрте медициналық көмекті жедел түрде көрсетуді ұйымдастыру мақсатында халықтың көп шоғырланған аймағына 13  жаңа үлгідегі модульдық медициналық  пункт салынды.

Шардарада көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан жүрген "көгілдір отын" мәселесі оң шешімін табатын күн де алыс емес деп айтқымыз келеді. 2018 жылы «Газ тасымалдау жүйелерін дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша 6 нысанның құрылысы басталды.

Өткен жылы басталған №18 Шардара газ тарату стансасының, сонымен бірге,  Достық, Ақшеңгелді, Егізқұм, Сүткент, Қызылқұм елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыстары жалғасын тауып, биыл ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. 

Ағымдағы жылы аудандық бюджет қаржысы есебінен №18 Шардара газ тарату стансасынан қаладағы «Өтеғұл» шағынауданының ішкі газ жүйелері және орталыққа магистралды газ жеткізгіш құбырларының құрылысы басталады. Сонымен қатар, Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округін газдандыру мақсатында жергілікті бюджет қаржысынан жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде. 

Былтыр ауызсумен қамту бойынша біршама тірліктер атқарылды. Атап айтар болсақ, Жаушықұм ауылы, Көксу ауылдық округіндегі Айдаркөл-Қашар, Баспанды, Жоласар елді мекендерін ауызсу жүйелерінің құрылысы басталып, биыл халықтың игілігіне беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде осы елді мекендерде тұратын 3000-нан астам тұрғын орталықтандырылған құбыр жүйесімен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, өткен жылы Шардара қаласының жаңа қоғамдық орталығында канализациялық сорғы станциясын және канализация желілерінің құрылыс жұмыстары басталып, бұл шаруа да биыл аяқталмақшы.

Алдағы уақытта қаладағы бас су торабын қайта құрылымдау және Қызылқұм ауылындағы ауызсу торабы құрылысын жүргізудің жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал, Шардара қаласындағы №14 бекет, Мұнай база ауылы және Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Ақберді елді мекендерінің ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары биыл басталады деп күтілуде.

2018 жылы елді мекендердегі аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен көшелерді орта және ағымдағы жөндеуге 695 миллион 574 мың теңге бөлінді. Оның ішінде орта және күрделі жөндеуге 604 миллион 203 мың теңге, тас төсеуге және ағымдағы жөндеуге 91 миллион 371 мың теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Жыл қорытындысында 483 миллион 153 мың теңгеге қала және ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 25 шақырым келетін көшелер орта жөндеуден өтті. 2018 жылдың соңында аудандық маңыздағы 44,73 шақырым автомобиль жолының 11,6 шақырымы орта жөндеуден, елді мекендердегі 504,3 шақырым көшелер мен ішкі шаруашылық жолдарының 25 шақырымы орта жөндеуден өткізіліп, 12,2 шақырым көшелер төселіміне тас төселді.

2018 жылы елді мекендерді абаттандыру бойынша аудандық бюджеттен 489 миллион 919 мың теңге бөлініп,  аудан аумағындағы елді мекендерде 37 гектардан астам саябақтар мен гүл бақтары (сквер), жасыл аймақтар тұрақты күтімге алынды. Әсіресе, қаланы абаттандыру бойынша қыруар жұмыстар атқарылды деп айтсақ, жаңылыспаймыз. Қаладағы «Жастар» көшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, бұрынғысынан кеңейтілген көшеге асфальт төселінді. Жиектастар мен суағарлар жасалынып, жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ, қаладағы 26 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда қала көшелерінде 15 дана, көп қабатты үйлер аумағында 30 дана, жаңа көпір аумағындағы саябақтарда 15 дана, «Тұңғыш Президент» саябағында 7 дана бейне бақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Төле би мен Қасымов, Қазыбек би мен Әйтеке би көшелерінің қиылысына 2 комплект дабыл қаққыш қондырғысы бар жаңадан бағдаршамдар орнатылып, көше бойындағы автокөлік қозғалысын реттеуге септігін тигізуде. Қаланың Оңдасынов, Түгелбаев, Төле би, Қазыбек би, Жібек жолы көшелері бойына 10 дана түнгі мезгілде жарық беретін темір аркалар орнатылды. Шардараның шырайын кіргізген жаңалықтың бірі – Оңдасынов көшесінің бойынан «Шырайлы қала – Шардара» монументі тұрғызылып, түйе керуені мен тауешкілердің мүсіндері орнатылды. Бұрынғы бүркіт пен арқар мүсіндері қайта жаңғыртылды. 

Шардара ауданының спорттағы жетістіктерін бүгінгі таңда бүкіл ел мойындап отыр десек жарасады. Мәселен, армрестлинг, яғни қол күресі спорты бойынша еліміздің құрама командасын 100 пайыз шардаралық спортшылар құрап отыр. Және олар жыл сайын әлемдік чемпионаттарда бірінші орынды бағындырып келеді. Әлемнің төрт дүркін чемпионы болған Нұрдәулет Айдархан есімді спортшының еңбегін бағалаған сол тұстағы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Сафари Шардара» фестивалінде "темір тұлпар" мінгізді. Даңқты спортшы Арман Қарсыбаевтың баптаған қол күресшілерінің арасынан 2001 жылдан бері есептейтін болсақ, 34 әлем чемпионы шығып отыр. 

Шардара ауданында бұқара халықтың спортпен айналысуларына барлық жағдай жасалып отыр. Ауданда үш спорт мектебі бар болса, былтыр облыстық №4 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі ашылып, өз жұмысын бастады. Ашылғанына көп бола қоймаған осынау спорт мектебінің ұл-қыздары елімізді былай қойғанда бірнеше әлемдік додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді. 

2018 жылы шардаралық саңлақтар түрлі спорт ойындары бойынша 194 сыртқы жарыстарға қатысып келді. Сол жарыстардың қорытындысы бойынша 276 облыс чемпионы, 52 Қазақстан Республикасының чемпионы, 29 Азия чемпионы, 8 Халықаралық турнир жеңімпазы, 11 әлем чемпионы шығып отыр. Шалғайдағы Шардара ауданы үшін бұл көрсеткіштер мақтанып айтатын жетістіктер деп айтқан болар едік. 

2018 жылдың 26 қазанында Шардара ауданында «Сафари Шардара» халықаралық деңгейдегі фестиваль өтті. Сол кездегі облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған өңіріміздің туристік әлеуетін арттыру мақсатындағы «Сафари Шардара» халықаралық фестивалі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Қолына бүркіт қондырған саятшылар, түйешілер жарысы, автокөліктер мен теңіз бетіндегі желкенді қайықтар, академиялық есу түрі, жағажай волейболы мен футбол жарыстары, балық аулау сайыстары Шардара су қоймасының жағалауы мен Қызылқұм алқабында туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеп берді. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл іс-шара қонақтарға өте жақсы көңіл-күй сыйлады деп айта аламыз. Моңғолиядан келген қандасымыз, бүгінде есімін әлем танып отырған бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы Шардараның керемет табиғатына тамсанды. Облыс басшылығы осындай игі бастаманы бастап беріп, іскер жігіттерге, жергілікті кәсіпкерлерге бұл шараны ары қарай жалғастырып әкетуді тапсырды.

Read 2960 times