Среда, 12 Июнь 2019 09:16

Түркістан облысында 1000 гектарға жуық жылыжай бар

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына баспасөз туры ұйымдастырылды. Сапар аясында БАҚ қызметкерлері Сарыағаш ауданындағы «Занджанижад» шаруа қожалығы мен «Измир Сарыағаш» ауыл шаруашылығы кешенінің жұмысымен танысты. 

Журналистер әуелі Қапланбек ауылдық округінде орналасқан «Занджанижад» шаруа қожалығына ат басын бұрды. 2012 жылы іске қосылған қожалықтың қазір 3 гектаржер телімі бар. Оның ішінде жылыжай көлемі – 1,2 гектар.  Жылыжайдың өндіретін негізгі өнім түрі – қызанақ. Қожалық өткен жылы 140 тонна өнім алған. Биыл өнім көлемін едәуір арттыра түсуді межелеп отыр. Қызанақты отандық нарық пен Ресейге жөнелтеді екен. Қазіргі таңда мұнда 5 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы – 55-60 мың теңге. Серіктестік иесі Занджанижад Рустемнің айтуынша, жылыжайдың қызанақтары табиғи таза өнім.

Бұдан соң журналистер Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Измир Сарыағаш» ауыл шаруашылығы кешеніне барды. 2017 жылы жұмысын бастаған кешенде 20 гектар –  бау, 4 гектар жылыжай бар. Сондай-ақ 62 бас Абердин-Ангус сиырын бағады екен. Оның 57-сі аналық бас, 5-і асылтұқымды бұқа. Кешенде 60 мың теңге орташа айлықпен жалпы 5 адам жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта ірі қара мал санын 500-ге жеткізбек.

Айта кетерлігі, Түркістан облысы бойынша 2018 жылдың қорытындысында жылыжай көлемі 934,9 гектарды құраса, қазіргі таңда облыста 988,2 гектар жылыжай бар.  2019 жылдың қорытысындысында өңірде жылыжай көлемін 1114,9 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.  Ал Сарыағаш ауданында өткен жылы 635,5 гектар жылыжай болса, бүгінгі таңда 649,1 га жылыжай бар.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 565 times