Жердің бабы мен күн райының қолайлы кезеңін үйлестіре білген диқандар тәжірибе ретінде алдымен қырыққабат, одан соң картоп, ең соңында қызанақ пен қияр өсірген. Бүгінгі таңда Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінде орналасқан «Асқар» шаруа қожалығының диқандары алғашқы өнімдерін жинап, екінші егінін жинауға қамданып отыр. Аталған тәжрибені кеңінен насихаттау мақсатында Келес ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, аудан әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаевтың төрағалығымен, тиісті бөлім мамандары қатысуымен аудан шаруаларының басын қосып, техника ғылымдарының кандидаты Бердияр Есбатырұлымен аталған шаруа қожалық басында семинар кеңес өтті. Семинар кеңеске аудан аумағындағы шаруа қожалығы иелері мен аграрлық салаға қатысты тұлғалар қатысып, өз сұрақтарын қойып, тиісті ақыл-кеңестерін алды. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен осындай семинарлар тұрақты түрде жалғасуы жоспарлануда. Бір маусымда жерден үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді болмақ. Өнім көлемі артады. Енді аймақта өнімдерді сақтауға арналған қоймаларды көбейту міндеті тұр. Ол үшін арнайы аграрлы индустриялық аймақ құрылды.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.