Среда, 03 Июль 2019 14:40

Түркістан облысының шаруалары жаздық бидайға орақ салды

Қазығұрт ауданының шаруалары егілген жаздық бидайды оруды бастады. Жалпы ауданда 40400 гектар жерге егілген күздік және жаздық бидайдан диқандар егістіктің әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алуды жоспарлап отыр. 

Ал 4500-ден астам гектар жерге егілген арпаның өнім түсімділігі 22 центнер болады деп күтілуде. Агротехникалық талаптарды тиянақты атқарған кәсіпорындардың бірі Шарбұлақ ауылдық округіндегі «Сапа 2002» шаруа қожалылығы алғашқылардың бірі болып астық оруды бастап кетті. Аталған қожалықтағы 2000 гектарға жуық егінді алқапқа егілген арпа мен бидайды жинауға 10-ға жуық агротехника тартылса, 20 шақты адам еңбек етуде. Шаруалар ауа райы қолайсыз болғанымен, қамбаға түсер өнім былтырғыдан кем болмайтынын айтуда. Себебі агротехникалық шаралар дер кезінде жасалып, мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар уақытылы берілген. Аудан басшысы Төлеген Телғараевтың айтуынша, жалпы ауданда егін оруға қажетті 218 комбайн, 125 тасымалдаушы техника, 103 трактор тіркелемелері сақадай сай.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі Түркістан облысы бойынша 823 мың гектарға егілді. Бұл 2018 жылдан 9,8 мың гектарға артық. Облыс бойынша бидайдың егіс көлемі 178,7 мың гектарға егілді. Алдын ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 218,6 мың гектар масақты дақылдардың әр гектарынан орташа 21,2 центнерден өнім алу жоспарлануда. Астық оруға қолда бар 1012 дана астық комбайндардың 90-95 пайыз дайындалып, жинау жұмыстарына кірісті.

Астық жинау жұмыстарымен қатарауыл шаруашылығы дақылдарынан бүгінгі таңға 188 мың тонна картоп, 418 мың тонна көкөніс, 125 мың тонна бақша дақылдары жиналып, ішкі сұраныстан артық көлемі басқа Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен басқа облыстарға және шетелге экспортталуда. Жыл соңына дейін 2,7 млн. тонна картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 860 times