Четверг, 04 Июль 2019 12:22

Түркістан облысы: Жетісай ауданында мақта дақылын жетілдіру мақсатында семинар-кеңес өтті

Бүгін Жетісай ауданында егістік алқаптарындағы агротехникалық жұмыстарды сапалы орындау және ағын сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту жөнінде семинар-кеңес өтті. Жылысу ауыл округі, Әл-Фараби елді мекеніндегі егістік қонысында өткен шараға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, аудандағы барлық ауыл округ әкімдері, жер мамандары, шаруа қожалықтары, өндірістік кооператив, биолабораториялар мен биофабрикалар басшылары, химиялық препараттарды жеткізуші кәсіпкерлер және "Қазсушар" мекемесінің аудандық бөлімшесінің мамандары қатысты. 

Семинарда сөз алған аудан әкімі алдағы уақытта мақта дақылының зиянкестерімен күрес жұмыстарын күшейтіп, агротехникалық күтіп-баптау шараларын тиімді ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте әкім шаруаларды бірлесіп, ақылдасып, ұжымдасып жұмыс істеуге шақырды. Өйтпеген жағдайда зиянкестермен күрес жұмыстары нәтижесіз болмақ. Сондықтан шаруалар зиянкестермен күресте сапалы препараттар мен биотәсілдерді қай кезеңде қалай жүргізу керектігінен хабардар болуы тиіс. Осы мәселелер жөнінде республикалық фитосанитарлық диагностика мен болжамдар орталығы аудандық бөлімшесінің басшысы Қайрат Досаев сөз алып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Оның айтуынша, биыл мақта дақылы кеш пісіп, жетілмек. Өйткені, биылғы ауа-райы мақта дақылын өсіруге қолайсыз болып тұр. Оның үстіне мақта ауданда жылдағыдан 20-25 күнге кеш егілді. Соның салдарынан мақтаның өсіп, өну процестері әр округте әр қилы. Бұдан бөлек, күннің ыстығы жетіспеуде, ол аздай түннің салқын болуы да пісіп, жетілуді едәуір тежеуде екен. 

Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 45 мың гектар жерге мақта егілген. Ендігі мәселе – зиянкестермен күрес жұмыстарын тиімді ұйымдастыру. Бұл ретте шаруалар биолабораториялар мен биофабрикалардың тиімділігін пайдаланбақ. Егер бұл тәсілдер көмек бермей жатқанда ғана химиялық препараттардың көмегіне жүгінеді. Ал, қай препараттың қандай тиімділігі бар екенін мамандардан артық білетіндер жоқ. Семинарда сөз алған Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты филиалының директоры Берік Төреханов, «Әлем агро» компаниясының өкілі Асылжан Ниязбеков семинар қатысушыларына қажетті барлық мағлұматтарды беруге тырысты.

Семинар барысында ағын су мәселесі де сөз болды. Бұл жөнінде «Қазсушар» РМК Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшысы Шадат Омаров ағын суға қатысты қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді. Жиынды қорытқан аудан әкімі биыл ағын су тапшылығының алдын алу мақсатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, шаруаларды ағын су көлемінің мол кезінде мақта суару шараларын ертерек бастауға шақырды. 

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 1252 times