Понедельник, 15 Июль 2019 13:29

Түркістан облысы: Келес ауданында салық түсімін арттыру бойынша жұмыстар басталды

Жыл басында Келес ауданының орталығы Абай ауылында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы іске қосылған болатын. Қазіргі таңда аталған мекеме өз қызметтерін жалғастыруда. Ауданда тоқтап тұрған қыш зауытының иесі ауысып, қайта құрылымнан өткен кәсіпорын бүгінде жаңа қыш өнім түрлерін шығаруда. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлерінің ішкі инвестицияларының арқасында қазіргі таңда 3 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.

Ал, 6 кәсіпкерлік нысанның бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, Абай ауылының өзіндік бюджетін қалыптастыру салық көзінен түсетін түсімін арттыру және салық түсімін ұлғайту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауыл аумағында мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелмей өз үйлері аумағында автокөліктерді жөндеу мен айналысатын 9 орын, 7 нан өнімдерін дайындайтын ошақтар анықталып, шаралар қолдану үшін мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Абай ауылындағы 24 көп қабатты тұрғын үйлер жанынан 41 заңсыз нысандар анықталып, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Ал, «Араншы-1» каналының үстінде орналасқан 14 кәсіпкерлік нысаны анықталып, заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нысан иелеріне ескерту қағаздары берілді. Анықталған нысандардың тізімі аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданды. Облыстық сәулет құрылысын бақылау басқармасының жұмыс нәтижесіне сәйкес қазіргі таңға дейін 6 нысан иелеріне құрылыс нормаларын сақтамау және құжаттары толық емес фактілері бойынша айыппұлдар салынды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 552 times