Вторник, 16 Июль 2019 11:14

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев астық ору науқанына қатысты

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданы Бөржар елдімекеніндегі «Мақта компаниясы» ЖШС-на барды. Онда жалпы облыстағы егіс көлемімен, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, шаруалармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, облыс басшысы  егіс алқабына шығып, комбайн жүргізіп, бидай орды.

Қазіргі таңда облыстағы бидай алқабының 44 пайызы орылған. Яғни, 94 мың гектардан  183 мың тонна астық жиналып отыр. Жалпы 218 мың гектардың әр гектарынан 21 центнерден өнім алғанда 463 мың тонна бидай алу жоспарлануда. Астық оруға қолда бар 1012 дана астық комбайндардың  90-95% дайындалып, жинау жұмыстарына кіріскен. Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктерін мәлімдеді.

«Түркістан облысында ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 823 мың гектарға егілді. Бұл 2018 жылдан 9,8 мың гектарға артық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға сәйкес арпа – 1,8 мың гектарға артып, 40 мың га, дәндік жүгері – 2,2 мың гектарға артып, 46 мың га, картоп, көкөніс, бақша дақылдары – 5,9 мың гектарға артып, 119,8 мың га, мал азықтық 15,9 мың гектарға артып, 205,8 мың гектарды құрап отыр. Ал бидайдың егіс көлемі биыл 218 мың гектарға жетсе, майлы дақылдар – 96,8 мың га, мақта – 129 мың га егілді. Алдын ала жасалынған болжамдық есеп бойынша 218,6 мың га масақты дақылдардың әр гектарынан орташа  21,2 центнерден жалпы 462 мың тонна өнім алу күтілуде», – деді Нұрбек Бақтыбайұлы. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы сала басшыларына жаз мезгілінде ағын су мәселесін қадағалап, шаруалардың жағдайын бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, ауыл шаруашығы өнімдерін экспорттау көлемін ұдайы арттырып отыруды жүктеді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 518 times