Пятница, 05 Июль 2019 14:13

Түркістан облысы: Арыс қаласында салықтық каникулдар жылдың соңына дейін созылады

ҚР Қаржы министрілігі Мемлекеттік кірістер комитеті Арыс қаласының салық төлеушілері үшін салықтық каникулдар жариялайды. Аталған шара ҚР Премьер-министрі А.Маминнің Арыс қаласының тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі комиссия отырысында атап өткен болатын. Сондықтан Арыс қаласының салық төлеушілеріне салықты өндіру шаралары мен тәсілдері қолданылмайды. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департамент басшысының орынбасары Еркін Елшібеков мәлімдеді. 

«Арыс қаласында 792 заңды тұлға, 3 085 дара кәсіпкержәне 65 465 жеке тұлға бар. Берешектері бар салық төлеушілерге салықтарды және төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту бойынша жұмыстар қысқа мерзімде және жеңілдетінген тәртіппен жүргізіледі. ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне сәйкес, кейінге қалдыру салықтардың және төлемақылардың сомаларын бір мезгілде төлей отырып, алты айдан аспайтын мерзімге беріледі, ал мерзімін ұзарту бойынша салықтардың сомаларын тең үлестермен ай сайын немесе тоқсан сайын төлей отырып, үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі», – деді Еркін Кеңесбекұлы.

Кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту салық төлеушінің және үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қоюмен немесе банк кепілдігімен жүргізіледі. Атап өтетіні, Арыс қаласының салық төлеушілері кейінге қалдыруды немесе мерзімін ұзартуды алу кезінде өсімпұлдарды есептеуден босатылады.

Сонымен бірге Арыс қаласының барлық салық төлеушілеріне жеңілдіктер қарастырылған: дара кәсіпкерлер категориясының жекелеген қызметтерін жеңілдетілген тәртіппен тоқтату; салықтық есептілікті тапсыруды ұзартуға құқық беру (1 айға дейінгі мерзімге ұзарту мүмкіндігі); салықтық есептілікті тапсыруды тоқтату (ұзарту, қайта бастау).

Сондай-ақ салық төлеушілерге салықтық әкімшілендіру шаралары қолданылмайтын болады, салықтық берешекті өтеу туралы хабарламалар жіберілмейді, салық төлеушілердің банк шоттары бойынша, касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды, салық төлеушілердің мүлікке иелік етуіне шектеу туралы шешім шығарылмайды және салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылмайды.

Одан бөлек Комитет барлық шығатын салықтық тексерулерді тоқтатады, сонымен бірге басқа да салықтық бақылауларға шектеу қояды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 696 times