Воскресенье, 07 Июль 2019 10:54

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында отбасылық әлеуметтік сауда кешені ашылды

Елорда күні қарсаңында Мақтаарал ауданының Атакент кентінде отбасылық әлеуметтік сауда кешені ашылды. Ендігі уақытта аудандағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін отандық және Түркия елінің сапасы жоғары киім-кешектері мен басқа да өнімдерін 10-15% арзан бағамен сатып ала алады. 

Отбасылық әлеуметтік сауда кешенін ашудағы негізгі мақсат – тұрмысы төмен және аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолжетімді баға қалыптастырып, қолдау көрсету. Міне, бүгін ойдағысы орындалған аудан тұрғындарының қуаныштан жүздері балбұл жанды. Сауда орынының тұсауакесер рәсіміне аудан әкімі Бақыт Асановтың өзі қатысып, жалпақ жұртты құттықтады. "Аудан тұрғындарының қамы үшін сауда нарығында бағаны тұрақтандыру – басты міндеттеріміздің бірі. Бұл орайда ауданымызда ашылып жатқан әлеуметтік дүкендер мен осындай үлкен сауда кешендері бағаны тұрақтандыруға өз септігін тиігізіп келеді. Сондықтан жаңадан ашылған кешендегі тауар бағаларын мен өзім жеке қадағалайтын боламын" - деді Бақыт Насырханұлы.

Аудан басшысы жаңа нысанның лентасын қиып, жұмыс барысымен танысты. Нысан түгелдей заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Шілденің ыстығы мұнда әсер ете алмайды. Сонымен қатар сауда кешені тұрғындардың еңбекке тартылуына да жол ашты. Қазірдің өзінде нысанда 25 адам жұмысқа орналасып үлгерген.

Айта кетейік, әлеуметтік сауда кешенінде тауар айналымы 45-50 миллион теңгені құрайды. Барлық жастағы адамдар үшін киім-кешектер, аяқ-киімдер, балаларға арналған ойыншықтар, т.б. тауарлар мен өнімдер жеңілдетілген бағамен сатылады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 836 times