Пятница, 18 Октябрь 2019 17:58

Шымкент: чехиялық бизнес делегация дендрологиялық саябаққа барды

Көркейіп келе жатқан Шымқаламызды Чех республикасынан келген делегация аралап шықты. Қонақтар жергілікті əріптестерімен Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябаққа ат басын бұрды. Басты мақсат Қазақстан – Чехия елдері арасындағы іскерлік байланысты нығайту.

Қазақстанмен экономикасы дамыған елдер іскерлік байланыс орнатуға аса ниетті. Ата-бабаларымыз аңсаған татулық кезеңдерді бастан кешіріп жатырмыз. Бұл алаңсыз даму кезеңдерге жету әрине ұлтымызға оңайға соқпады. «Әсте-әсте, болмас бәрі бір сәтте» деп, алға жылжып келеміз. Чехия республикасынан келген арнайы делегация қонақтары екі елдің арасындағы татулық бұзылмасын және жергілікті халық игілігіне жарасын деген ниетпен, өз қолдарымен ағаш отырғызды.

- 40 жылдық тарихы бар дендрологиялық бақта танымал азаматтардың отырғызған ағашы өсіп тұр екен. Бұл жерге мен де өз қолыммен ағаш еккеніме қуаныштымын. Бұдан былай осы ағаштың қалай өскенін көру үшін жəне арнайы өзім су құю үшін Шымкент қаласына жиі келіп тұрамын, -деді чехиялық делегацияны бастап келген ЧР Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачек. Және де дендробақтағы ағаш отырғызу рəсіміне ҚР Парламенті мəжілісінің депутаты Владимир Божко да қатысты. Осы ағаштарға өзі күтім жасайтынын айтып, əңгімені шаруашылық тақырыбына жалғастырып кетті.

Айта кетейік, бүгін құрамында чехиялық 17 ірі компанияның өкілі бар делегация «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде өткен Қазақстанехия бизнес-форумын өткізді. Бұл жиында Чех Республикасынан Қазақстан Республикасына ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды жеткізу-сату жайында ұсыныстар қаралған болатын.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 478 times