Четверг, 14 Ноябрь 2019 16:17

Түркістан облысы: Келес ауданында жылына 3 рет өнім алу жобасы диқандардың қызығушылығын тудырды

Бүгін Келес ауданының Жолбасшы елді мекенінде орналасқан «Ерболат» шаруа қожалығында техника ғылымдарының кандидаты, ғалым, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да ауыл шаруашылығын механизациялау және автоматтандыру ғылыми орталығының директоры Бердияр Қалымбетов аудан шаруаларына Келес ауданы жағдайындағы ылғалды-ресурс сақтаушы технология үшін машиналар кешенін әзірлеу мен жасау есебінен жаңа, ғылыми технологиялық және техникалық шешімдер негізінде жылына 3 рет өнім алудың агротехникалық іс-шараларын жүзеге асыру жолымен көкөніс өндіруді қарқынды дамыту бағдарламасымен таныстырды. 

Келес ауданының ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып және халықты жұмыспен қамту мақсатында 1486,9 млн. теңгені құрайтын, 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Жиын барысында Бердияр Есбатырұлы жобаның тиімді тұстарын кеңінен, тарқата түсіндірумен қатар шаруалар тарапынан қызықтырған сұрақтарына да мардымды жауап қатты. Аталған жоба аудан диқандарының оң қызығушылықтарын оятып, алдағы маусымнан егін егу алқабын осы бағдарлама аясында іске асыруды көздеп отырғанын жасырмады. Өз кезегінде ғалым Б.Қалымбетов те «Болам деген баланың, белін буудан» тайсалмайтынын жеткізіп, кез келген уақытта ақыл-кеңес беріп тұруға уәде етті.

Жалпы, биыл 307 га жерге 91 шаруа аталған жобаны қолданды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 758 times