Понедельник, 11 Ноябрь 2019 07:30

Түркістан облысы: Келес ауданында бес балалы ана бөдене өсіреді

 

Бүгінде кәсіп ашып, нәсібін табуға ұмтылғандар үшін мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнің түрі жетерлік. Соның бірі – аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасыҚазір бұл бағдарламаның шапағатын көріп жатқан жандар аз емес. Олар өз қалаулары бойынша түрлі кәсіптер ашып, тұрмыстарын түзеуде. Солардың бірі келестік келіншек – Әйгерім Әлімбекова. Бес баланың анасы мемлекет берген қаржыға бөдене өсіруді жөн көріпті. 

Бөденеден бизнес бастауға әбден болатынын дәлелдеген Абай ауылының тұрғыны Әйгерім Әлімбекова атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасына қатысуға биыл тамыз айында өтініш берген.  Отбасында бес баласы бар. Отағасы еңбекке қабілетті. Сондықтан Әйгерімнің өтініші қабылданып, бұл отбасыға 1389084 теңге тағайындалады. Өтініш иелері оның алғашқы бөлінген 345 мыңдай қаржысына құс шаруашылығына ыңғайлы жағдай жасап, бөдене құстарын  өсіре бастайды. Қазір Әйгерімнің қорасында 100-ден астам бөдене бар.

«Бөденеден бастауымыздың себебі бар. Өйткені мұның еті де, жұмыртқасы да денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан оның өтімділігі де жақсы. Алдымен 50 шақтысын аштырдық. Сосын 100 жұмыртқа алдық, оның 70-і ашты. Енді-енді бөдене өсірудің қыр-сырын біліп келеміз. Алдағы уақытта дамыта береміз» - дейді кәсіпкер әйел.

 Жалпы, бұл отбасының негізгі кәсіптерін бөденеден бастауы да жайдан-жай емес екен. Отағасы Дәуренқұс шаруашылығына ертеден қызығатын көрінеді. Өйткені, олардың қорасының бір бұрышында «бұрама тауық» деп аталатын ерекше құстар да бағылуда. «Құс асырауға бұрыннан қызығамын. Алматыдан алдырғанмын.Бұрама тауық деп аталатын бұл құстар онша етті болмайды. Жұмыртқаларының әрбір данасы 250-300 теңге болады. Өзінің де бағасы қымбат. 7-8 мыңдай болады. Негізінен мұны сән үшін асырайды» - дейді ол.

Кәсіп бастаған бұл тұрғындар осындай жәрдемнің бар екендігін егжей-тежей түсіндірген сала мамандарына алғыс айтуда. Өйткені ол кеңестер бұлар үшін мүмкіндік ашқан және соның арқасында аз уақыттың ішінде отбасыға қосыша табыс кіре бастаған.  

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 502 times