Суббота, 21 Июль 2018 11:17

Шымкенттің дендросаябағы одан сайын көріктене түспек

Шымкенттің өкпесі аталып кеткен қалалық дендросаябақтың келбеті жыл өткен сайын көріктеніп келе жатыр. Қазіргі таңда кіреберіс аркасына жөндеу жұмыстары жасалынып жатқанын айта кетейік. Таза ауада демалушылар мен спортшылар, мегаполис тұрғындары мен қонақтары Дендрологиялық саябаққа қосымша қақпадан кіріп жүр. Әйтсе де бұл уақытша ғана екен.

«Көп ұзамай дендросаябақ бұрынғыдан да әдемі бола түседі»,-дейді саябақ басшылығы мен құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігерлер. Білгеніміздей, бұл жұмыстардың барлығы бекерден-бекер жасалып жатқан жоқ екен,  шын мәнінде, келесі жылы қаламыздағы ғашықтардың серуен құратын, үйлену тойы күні жас-жұбайлардың таза ауамен тыныстап, суретке түсетін сүйікті саябағының құрылғанына 40 жыл толады екен. Бұл дегеніңіз – домалақ дата! Демек, саябақ ұжымы 40 жылдық мерейтойға дайындық үстінде десек, қателесе қоймаспыз.

Бүгінгі таңда қаладағы ең үлкен саябақтың кіреберісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Кіреберістегі плита мен жарықтандыру құрылғыларын ауыстырып жатыр екен. Тағы бір өзгеріс – дендросаябақ атауы латын әріптерімен жазылмақ. Жас жұбайлар аллеясы абаттандырылып, көл жағалауындағы жаяу жүргіншілер жолы да жаңартылмақ.  «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық паркі» МКК директоры Бейбіт Мошқалов: «қала тұрғындарының өтініші бойынша Бәйдібек би көшесі бойында орналасқан автотұрақты 300 метрге кеңейтпекшіміз. Дуалдарды саябақ аумағына қарай жылжытамыз. Сондай-ақ, Байтұрсынов көшесі жақтан тағы бір кіреберіс ашамыз. Мұнда да арка салынады, жүз көлікке арналған автотұрақ болады. Бұл кіреберістің бойы да тиісінше абаттандырылады. Басқа да көптеген өзгерістер орын алмақ»,-дейді.

Аталған жұмыстарға 200 млн теңге жұмсалмақ көрінеді. Жаңғырту жұмыстарымен екі мердігер компания айналысып жатса керек. Олар қараша айына дейін барлық жұмыстарды аяқтауға уәде беріпті.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Read 6312 times