Среда, 25 Июль 2018 08:37

Шымкент: «Бекжан» базары маңындағы жолайрық қашан пайдалануға берілмек?

Шымкент қаласы әкімдігіндегі жауаптылар «Бекжан» базары маңындағы жолайрықты биыл пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жұмысшылар қазір әрлеу жұмыстарына кірісіп кеткен. 

Көлік саны жыл сайын артып келе жатқан шаһарда кептелісті азайтуға едәуір септігі тиетін мұндай жолайрықтарды салу қажеттілігі де туындап отыр. Темірлан тасжолы бойындағы бұл құрылыс осыдан бір жыл бұрын басталған-ды. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені дәл осы бөлік тоғыз жолдың торабы саналады. Қаланың қақпасы іспетті бұл жолдан Қызылорда облысына, Алматы және Ташкент қалаларына бағыттар тарайды. Сондықтан мұнда жыл он екі ай көлік нөпірі қалың. Оның үстіне жолайрық құрылысының басталуына орай жолдың бір бөлігін жабуға тура келді. Ал соның салдарынан автокөліктер ағыны айналма жолдарға бөлінді. Бұл өз кезегінде жүргізушілер үшін де қолайсыздық тудырып отырғаны анық. Әйтсе де енді сәл-пәл шыдаса, жолайрық құрылысы аяқталуға таяу. Және оның пайда болуымен осы бөлікте көлік кептелісі жойылады деген үміт бар.

«Жолайрықты қыркүйек айының басында ел игілігіне берсек деп отырмыз. Жұмыстың негізгі бөлігі бітті. Тек тоннельді гранит плиталармен әрлеп, жол жүру белгілері мен бағдаршамдарды орнату ғана қалды. Құрылыстың жалпы құны 1 миллиард 700 миллион теңгені құрады» дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абай Тұрханов.

Темірлан тасжолындағы құрылыс 2 кезеңнен тұрады. Бірі – көлік жолайрығы, екіншісі – жолдың оң жақ бұрылысын кеңейту. Соңғысының құрылысы келер жылға жоспарланған. Міне, осынау шаруалардың барлығы тәмамдалған соң қозғалысты бөгемеу үшін мұндағы бағдаршамдар түгел алынып тасталмақ.     

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1333 times