Среда, 15 Август 2018 12:24

Шымкент: индустриялық аймаққа апарар жолдың төңірегі көріктендіріліп жатыр

Шаһар мегаполис атанып, республикалық мәртебеге ие болғалы, Шымкент көркіне көрік қосуда. Әсіресе, жергілікті билік абаттандыру, тазалық, көріктендіруге ерекше назар аударып жатыр. Жолдардың да сапасы арта бастаған. 

Қазір қаланың индустриялық аймағына барар жолдың бойында көріктендіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Қаланың коммуналдық қызметіне жауапты мекеме жұмысшылары жолдың ортасындағы алаң мен жиектерін көгалдандыруға кіріскен.

«Жұмысты бастағанымызға біраз болды. Жолдың бойындағы ескі топырақты алып тастадық. Енді, міне, жаңа топырақты тегістеп, шым егуге дайындаудамыз» дейді олар.

Сала мамандарының айтуынша, жасыл желекті суғаратын жүйе де қарастырылған. Тартылған құбырдағы тетіктер мен бұрамалар суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ұзындығы 3 шақырым жолдың бойындағы қураған бұталар кесіліп, ағаштар ретке келтірілмек. Мұндай санитарлық шаралар қараағаштардың ұзақ мерзімге сақталуына оң әсерін тигізеді екен. Бұдан бөлек топырағы жаңаланған жерлерге гүл отырғызу жоспарланған.

«Қиылыстарда біржылдық түрлі-түсті гүлдер отырғызылады. Күтімі «Бәйтерек ЛБ» ЖШС жұмысшыларының мойнында. Жолдардың тоғысқан жеріндегі алаңда раушан гүлдерді түбімен алып тастадық. Олардың орнына да біржылдық гүл отырғызамыз» дейді жауапты мамандар.

Өндірістік аймаққа барар жол кеңейтілуде, ені 8-8,5 метрді құрайды. Күре жолдың бойында жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та қарастырылған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1048 times