Күн тәртібіндегі мәселе бойынша басқарма басшысы Серік Жасұзақов экрандағы слайд арқылы бюджеттің орындалуы, 7 айдан өндірілген қосымша резервтер, жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салықтарының берешектері, салықтық берешектерді жою жұмыстары, табыс салығы мен әлеуметтік салық, басқа да өзекті мәселелер бойынша жан-жақты талдау жасай отырып, хабарлама жасады.
Шардара ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында бүгінгі таңға барлығы 7569 салық төлеуші тіркеліп отыр. Өткен 7 айдың қорытындысына сәйкес, мемлекеттік бюджет жоспары 2564,2 миллион теңгенің орнына 3285,9 миллион теңгеге немесе 128 пайызға, жергілікті бюджет жоспардағы 1989,7 миллион теңгенің орнына 2653,47 миллион теңгеге немесе 133 пайызға, республикалық бюджет жоспардағы 574,5 миллион теңгенің орнына 632,6 миллион теңгеге немесе, 110 пайызға артығымен орындалған. Болжамдық көрсеткіштерді сапалы орындау мақсатында бюджетке түсетін қосымша резервтерді іздестіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айында бюджетке қосымша 146,8 миллион теңге өндірілді, оның ішінде жергілікті бюджетке 135 миллион теңге өндірілген. Осындай жетістіктерді атап өткен Серік Махамбетұлы түрлі салықтар бойынша бекітілген жоспарды орындамай отырған әкімдер мен мекемелерді де көрсете кетті. Мүлік, жер салықтары Ұзын ата ауылы мен қала әкімшілігі бойынша, көлік салығын өндіру Жаушықұм, Қызылқұм, Алатау батыр, Сүткент, Ақшеңгелді ауыл әкімшіліктерінде орындалмаған. Ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін бюджетке түсетін салықтар мен міндетті төлемдер бойынша аудан бойынша берешек сомасы 43,8 миллион теңгені, ал, борышкерлер саны 1083 салық төлеушіні құраған. Жыл басымен салыстырғанда тапсырылған салық есептіліктері негізінде берешек 19,8 миллион теңгеге немесе 182,5 пайызға, ал, борышкерлердің жалпы саны 162-ге немесе 117,6 пайызға өскен. Табыс салығы мен әлеуметтік салыққа қарыздары қордаланып қалған Ақшеңгелді ауыл әкімшілігі, «Балдәурен», «Балдырған», «Жауқазын», «Балбөбек», «Таңшолпан» балабақшаларының қарыздары атап көрсетілді.
Басқа да кемшіліктерді атап көрсеткен басқарма басшысы ауыл-қала әкімшіліктері әр тоқсан қорытындысымен мемлекеттік кірістер басқармаларымен салыстыру актісін түзіп, кінәлі тұлғалардың жауапкершілігін қарауға, бюджеттік тәртіп бұзушылыққа қайтадан жол берген тұлғаларды атқарып отырған лауазымынан босату мәселесін қарауға аудан әкіміне ұсыныс білдірді.
Басқарма басшысының ұсынысы бойынша, күрделі мәселені шешу үшін бірінші кезекте әрбір мемлекеттік орган өздеріндегі дерек қорын қалыпты жағдайға келтіру қажет. Екіншіден, біріктірілген ақпараттық жүйе, шынайы деректер қорын қалыптастырылу керек. Тек талқылаумен шектеліп, бірлесе отырып түгендеу жұмыстары атқарылмаса бәрі бұрынғы күйінше қала береді. Сондықтан да, аудан бюджетін толтырып, экономикамызды көтеру мақсатында аудан басшылары мен кәсіпкерлер, мекемелер мен кәсіпорындар жұмыла отырып, ынтымақтаса жұмыс жасағанда ғана табысқа жетпек.
Осы баяндама негізінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Наханша Қалмұратов хабарлама жасады.
Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Болатбек Дүйсенбекұлы салық жоспарын орындамай отырған ауыл әкімдері мен мекеме басшыларын орындарынан тұрғызып, кемшіліктерді жою үшін тиісті мерзім берді. Әсіресе, алдағы уақытта өз міндеттеріне салғырт қарап, жұмысын жүргізе алмай отырған мекеме басшылары мен балабақша меңгерушілері қызметтерімен қош айтысатын болады.
Мәжіліске аудан прокурорының орынбасары Дәулет Деріпсалдинов қатысып, салық төлемдері бойынша сауалдар қойып отырды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.